Шығыс Қазақстан облысында республикалық пікірсайыс турнирінің салтанатты ашылуы өтті!

Шығыс Қазақстан облысында республикалық пікірсайыс турнирінің салтанатты ашылуы өтті!

Бүгін, 16 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданындағы Таулы Үлбі ауылында орналасқан «Дарын» жазғы сауықтыру лагері базасында оқушылар арасында Республикалық пікірсайыс турнирі өз жұмысын бастады.ігінің тапсырмасы бойынша Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастырған турнир 16–17 қыркүйек күндері офлайн форматта өтуде.

Интеллектуалдық сайысқа еліміздің жалпы орта білім беру ұйымдарынан 180 білім алушы мен 20 топ жетекшісі қатысуда. Турнирге облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың кезеңдерінде жеңімпаз атанған 9–11 (12)-сынып оқушылары жолдама алды.

Пікірсайыс Дүниежүзілік мектеп форматы (WSDC) бойынша үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұйымдастырылды. Әр команда үш спикерден құралды. Қатысушылар ұсынылған қарарлар бойынша Үкімет және Оппозиция тараптарының ұстанымдарын қорғап, өз дәлелдерін ортаға салды.

Турнирдің негізгі мақсаты – білім алушылардың азаматтық ұстанымын қалыптастыру, сыни және шығармашылық ойлау қабілеттерін дамыту, шешендік өнері мен пікірталас мәдениетін жетілдіру, сондай-ақ қоғамдық маңызы бар мәселелерді талқылауға белсенді қатысуына мүмкіндік беру.

Пікірсайыс барысында жасанды интеллектіні білім беру саласында тиімді әрі жауапты пайдалану, «Адал азамат» құндылықтарын қалыптастыру, «Заң және тәртіп» қағидаттарын нығайту, әл-Фарабидің ғылыми-философиялық мұрасын дәріптеу, оқушылардың азаматтық белсенділігі мен көшбасшылық қабілеттерін дамыту, «Таза Қазақстан» бастамасы аясында экологиялық мәдениетті қалыптастыру сынды өзекті тақырыптар талқыланды.

Сонымен қатар Қожа Ахмет Ясауидің рухани-адамгершілік мұрасын насихаттау және ұлттық құндылықтарды дәріптеу мәселелеріне де ерекше назар аударылды.

Турнир екі айналымнан тұрды. Бірінші айналымда командалар төрт іріктеу раундында бақ сынаса, үздік нәтиже көрсеткен командалар ширек финалға жолдама алды. Одан әрі қатысушылар жартылай финал мен финалда өзара сынға түсті.

Төрешілер білім алушылардың өзекті мәселелерді талдау, дәлел келтіру, қарсы пікірді саралау, ойын жүйелі әрі сенімді жеткізу, көпшілік алдында сөйлеу және конструктивті пікірталас жүргізу дағдыларын бағалады.

Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаз командалар І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдармен және сыйлықтармен марапатталады. Сондай-ақ «Үздік спикер», «Үздік оратор», «Үздік аналитик», «Ең конструктивті сөз», «Ребаттл шебері», «Импровизация шебері», «Тіл шебері» номинациялары бойынша үздік қатысушылар анықталады.

Республикалық пікірсайыс турнирі – жас ұрпақтың зияткерлік әлеуетін арттырып, сыни ойлауын, шешендік қабілетін және азаматтық белсенділігін дамытуға бағытталған маңызды алаң. Мұндай іс-шаралар оқушылардың өзекті мәселелерге саналы көзқарасын қалыптастырып, пікір алмасу мен сындарлы диалог мәдениетін жетілдіруге мүмкіндік береді.