
2026 жылғы 10–19 тамыз аралығында Шығыс Қазақстан облысының мектепке дейінгі ұйымдарында қызмет атқаратын тәрбиешілерге арналған «Күні бойы ойын технологияларын қолдану» тақырыбында республикалық біліктілікті арттыру курсы ұйымдастырылып, өткізілді.
Курс барысында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Балаларды ерте дамыту институты» РММ мамандары - Үміт Томпай, Дариға Шамильевна Рамазанова, Жазира Батырбековна Ахметова - мектепке дейінгі ұйым педагогтеріне өзекті бағыттар бойынша мазмұнды теориялық білім берді.
Атап айтқанда, педагогтерге мектепке дейінгі ұйымдардың қызметінде басшылыққа алынатын негізгі нормативтік-құқықтық құжаттар, ата-аналармен тиімді қарым-қатынас орнату, жасанды интеллект мүмкіндіктерін балабақша жұмысында орынды пайдалану, сондай-ақ күні бойы ойын технологияларын ұйымдастырудың тиімді жолдары жан-жақты түсіндірілді.
Курстың екінші жартысы тыңдаушылардың алған теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруға, меңгерген дағдыларын бекітуге және педагогтерге практикалық қолдау көрсетуге бағытталды.
Практикалық бөлім ШҚО ББ «Örken» Шығыс Қазақстан өңірлік білім беруді ақпараттандыру және дамыту ғылыми-әдістемелік орталығы» КММ әдіскері Кырыкбаева Айгуль Кадылбековнаның ұйымдастыруымен Өскемен қаласының құзыреттілік орталықтары - №18 «Еркетей» және №102 балабақшаларының базасында ұйымдастырылып, тәрбиешілерге ойын технологияларын күні бойы білім беру-тәрбие үдерісіне кіріктірудің тиімді жолдары тәжірибе жүзінде көрсетілді.
Практикалық сабақтар барысында тәрбиешілер түрлі ойын түрлерін өздері орындап, педагог рөлінде тәжірибе жасап, ойын арқылы оқыту мен тәрбиелеудің тиімді тәсілдерін талқылады. Бұл өз кезегінде педагогтердің теориялық білімін тәжірибемен бекітіп қана қоймай, күнделікті жұмыс барысында қолдануға болатын нақты әдістемелік құралдар мен идеяларды меңгеруіне мүмкіндік берді.
Курс соңында тыңдаушылар өзара тәжірибе алмасып, кәсіби ой-пікірлерін ортаға салып, алдағы педагогикалық қызметтеріне қажетті жаңа білім мен практикалық дағдыларды меңгерді.