
2026 жылдың 30 маусымы мен 1 шілдесі аралығында Алматы қаласында Almaty Tech Cup XII: Age of AI халықаралық робототехника және инновациялық технологиялар чемпионаты өтті. Биылғы чемпионатқа мектеп оқушылары, студенттер мен жас инженерлер қатысып, робототехника, ұшқышсыз авиациялық жүйелер, киберқауіпсіздік, аэроғарыштық технологиялар және жасанды интеллектті қоса алғанда 14 технологиялық бағыт бойынша 3000-нан астам қатысушы өзара бақ сынады.
Екі күн бойы қатысушылар инженерлік жобаларын таныстырып, роботтарды бағдарламалап, дрондарды басқарып, автономды жүйелер әзірлеп, жасанды интеллект модельдерін оқытты. Аталған беделді жарыста FIRST LEGO League Challenge бағыты бойынша «RoboSpark» құрама командасы жоғары деңгейде өнер көрсетіп, Алматы қаласы әкімінің кубогының жеңімпазы атанды.
Осы жетістіктің нәтижесінде командамыз кубок пен сертификатқа ие болып қана қоймай, Қытай Халық Республикасының Бейжің қаласында өтетін Азия чемпионатына жолдама жеңіп алды!
Команда құрамында Шығыс Қазақстан облысының мектеп оқушылары өнер көрсетті:
«Облыстық мамандандырылған IT мектеп-лицейінің» 4 «Ә» сынып оқушысы Кенжеханқызы Әмина;
«Абай атындағы №33 орта мектеп» КММ-нің 10 «А» сынып оқушысы Кенжеханқызы Інжу;
«Абай атындағы №33 орта мектеп» КММ-нің 9 «Б» сынып оқушысы Кенжеханқызы Іңкәр.
Барлық қатысушылар жоғары дайындықтарын көрсетіп, жеңімпаздар қатарынан көрінді.
Чемпионатты Алматы қаласының әкімдігі, «USTEM Foundation» қоғамдық қоры және «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырды. Іс-шара Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің, Astana Hub халықаралық инновациялық кластерінің, «Ashyq Aspan» ғылыми-білім беру қорының және OMODA & JAECOO компаниясының қолдауымен өтті. Алдағы Азия чемпионатында Қазақстанның көк туын биікте желбіретіп, жаңа жеңістерге жете берулеріңізге тілектеспіз!