
2026 жылғы 1 маусымда Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында алғаш рет облыстық балалар шығармашылығының «SHYǴYS BALAFEST» фестивалі өтті. Ауқымды мәдени шараға облыстың барлық аудан-қалаларынан келген мыңға жуық дарынды бала қатысты.
Фестивальдің Гала-концертіне Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысып, жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне арнайы қатысты.
«SHYǴYS BALAFEST» фестивалі өскелең ұрпақтың шығармашылық әлеуетін қолдауға және дамытуға, жас таланттардың өнерін шыңдауға, олардың арасындағы достық байланыстарды нығайтуға және балалар өнерін кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды алаңға айналды.
Гала-концерт аясында облыстық кезеңнің жеңімпаздары көрермендер назарына үздік өнер көрсетілімдерін ұсынды. Сахнада әсерлі вокалдық шығармалар шырқалып, көркем хореографиялық қойылымдар, аспаптық композициялар мен өзге де жарқын шығармашылық нөмірлер орындалды. Жас өнерпаздар өздерінің жоғары деңгейдегі шеберлігі мен шығармашылық мүмкіндіктерін паш етті.
Фестивальге аудандық және қалалық кезеңдердің жеңімпаздары қатысып, туған өлкелерінің намысын абыроймен қорғап, облыстың басты сахнасында өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды.
«SHYǴYS BALAFEST» фестивалі Шығыс Қазақстандағы дарынды балаларды біріктіретін, олардың шығармашылық дамуы мен өзін-өзі жүзеге асыруына жаңа мүмкіндіктер ашатын игі дәстүрге айналуды мақсат етеді.