
Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының «Örken» Шығыс Қазақстан өңірлік білім беруді ақпараттандыру және дамыту ғылыми-әдістемелік орталығының жоспарына сәйкес 2026 жылдың сәуір-мамыр аралығында аудан және қала мектептерінің жоғары сынып оқушылары арасында алғашқы әскери және технологиялық даярлық пәні бойынша дәстүрлі далалық оқу-жаттығу жиындары өтті.
Оқу-жаттығу жиынының мақсаты — жас ұрпақтың әскери-патриоттық тәрбиесін нығайту, Отан алдындағы жауапкершілік сезімін қалыптастыру, теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде жетілдіру.
Облысымыздағы 347 мектептің жалпы оқушылар саны- 99 962, оның ішінде 10 сынып оқушыларының саны - 5792, оның ішінде ұл балалар – 2495, қыз балалар саны-3297, жалпы оқу-жаттығуға қатысқандар саны-2222, арнайы медициналық анықтамамен 273 оқушы шарадан босатылды.
Зайсан ауданы бойынша Далалық оқу-жаттығу жиыны Шекара басқармасына қарасты алаңында, Тарбағатай ауданында Асусай ауылындағы «Қызыл шекара» шекара заставасында, Ұлан ауданында «Болашақ» жазғы лагерінде ұйымдастырылды.
Қалған аудандарда іс-шара мектептер базасында ұйымдастырылды.
Жиын барысында қатысушылар саптық, тактикалық әрекеттер, азаматтық қорғаныс, алғашқы медициналық көмек көрсету, әскери тәртіп пен қауіпсіздік ережелері бойынша арнайы дайындықтан өтті.