
2026 жылғы 26 мамыр күні Өскемен қаласы бойынша білім бөлімінің № 50 жалпы білім беретін мектебі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің базасында 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған тарихи-танымдық кездесу ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты – жаппай ашаршылық куәгерлері мен олардың ұрпақтарының естеліктер сериясын жинақтау, дайындау және басып шығару жұмыстарын насихаттау.
Кездесуге Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты қызметкерлері Н.К. Дюсенова мен А.Ж. Тойбаев қатысты. Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысы бойынша саяси қуғын-сүргін және ашаршылық куәгерлері мен олардың ұрпақтары, тарих пәні мұғалімдері, Өлкетану мұражайы және Оралхан Бөкей атындағы кітапхана қызметкерлері қатысты.
Іс-шара барысында тарихи жадыны сақтау, архивтік деректерді жинақтау және кейінгі ұрпаққа жеткізу мәселелері талқыланды. Қатысушылар ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін жылдарындағы тарихи оқиғалар туралы естеліктерімен бөлісті. Мамандар тарапынан тарихи деректерді зерттеу мен оларды ғылыми айналымға енгізудің маңыздылығы айтылды.
Аталған іс-шара жас ұрпақтың тарихи танымын кеңейтіп, өткен тарихқа құрметпен қарауға, ел тарихындағы нәубет жылдардың ақиқатын ұғынуға бағытталған маңызды рухани кездесу болды. Кездесу барысында мұғалімдерге өлкетану бағытындағы жұмыстарды жандандыру және архивтік материалдарды тиімді пайдалану бойынша ұсыныстар берілді. Іс-шараға 60-қа жуық тарих пәні мұғалімдері қатысты.