2026 жылғы 22-23 сәуірде ШҚО білім басқармасының «Örken» Шығыс Қазақстан өңірлік білім беруді ақпараттандыру және дамыту ғылыми-әдістемелік орталығы «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды сүйемелдеудің кешенді тәсілі: тәжірибе, мәселелер, перспективалар» атты республикалық семинардың бірінші күнін өткізді. Семинардың бірінші күні 22 сәуір пленарлық бөлім С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің базасында ұйымдастырылды.
Семинар ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өкілі - Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының жетекші ғылыми қызметкері Ногайбаева Гульбаршин Аскеновнаның қатысуымен өтті.
Республикалық семинарға еліміздің барлық облыстарынан 300-ден астам білім басқармаларының арнайы және инклюзивті білім беру бойынша мамандары мен әдіскерлері, ПМПК және аутизм орталықтарының басшылары, жалпы білім беру ұйымдарының директорлары мен арнайы педагогтер мен салалық сарапшылар, сондай-ақ жергілікті жердің білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларының жетекші мамандары, ата-аналар қауымдастығының өкілдері қатысты.
Семинар аясында ұйымдастырылған арнайы көрме қатысушылар мен қонақтардың жоғары қызығушылығын тудырды. Экспозицияда инклюзивті ортаны дамытудың практикалық нәтижелері таныстырылды.
Семинар барысында Шығыс Қазақстан облысы Білім басқармасы басшысының орынбасары Козыбаева Булбул Жомартовна өңірдегі инклюзивті білім берудің қазіргі жағдайына талдау жасап, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау жүйесінің тиімділігі мен алдағы кезеңге арналған басым міндеттерді белгіледі.
Сондай-ақ семинарда Астана қаласының «Асыл Мирас» аутизм орталығының басшысы Нурова Нурия Гайнулловна аутизм спектрі бұзылған балаларға арналған «Асыл Мирас» орталықтарының халықаралық озық әдістемелерге негізделген әлеуметтік жобасы туралы айтып өтсе, Атырау облысы білім басқармасының әдістемелік орталығының «Инклюзивті және арнайы білім беру» бөлімінің басшысы Кубиева Гульжанар Мендыгериевна баршаға арналған қолжетімді және сапалы білім бере отырып инклюзивті орта қалыптастыру жайында сөз сөйледі.
Пленарлық отырыста білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларының жетекші мамандары мен ата-аналар қауымдастығының өкілдерімен мамандардың біліктілігін арттыру, ерте диагностикалау және ата-аналармен тығыз ынтымақтастық орнату арқылы ерекше қажеттіліктері бар балаларды инклюзивті ортаға сапалы интеграциялаудың кешенді жүйесін құру туралы өзекті мәселелер қамтылды.
Күннің екінші жартысында семинар бағдарламасы практикалық бағытта жалғасты. Қатысушылар мамандандырылған білім беру ұйымдары мен орталықтардың жұмыс барысымен танысып, бірнеше тәжірибелік алаңдарға қатысты. Олар: Өскемен қаласы білім бөлімінің «№14 арнайы мектеп-балабақша», «Ақ ниет» мектеп-интернаты», С. Аманжолов атындағы ШҚУ «Dana bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығы, «Облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациясы», «Асыл Мирас» аутизмі бар балаларды қолдау орталығы», «Өскемен қаласының психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті», «Үлбі» халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін қалалық аумақтық орталығы».
Республикалық семинардың алғашқы күні нәтижелі тәжірибе алмасу алаңына айналды. Қатысушылар инклюзивті білім берудің тиімді модельдерін талқылап, саланы дамытудағы өзекті мәселелер мен оларды шешудің нақты жолдарын айқындады.
Семинар ертең өз жұмысын жалғастырып, инклюзия саласын дамытудың жаңа перспективалары мен ведомствоаралық іс-қимылды нығайтудың нақты тетіктерін қарастыратын болады. Екінші күннің бағдарламасында сала мамандары үшін практикалық шеберлік сыныптары мен стратегиялық сессиялар жоспарланған.