
2026 жылдың 1 сәуірінде Шығыс Қазақстан облысы Білім Басқармасына қарасты білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту жөніндегі брифинг өтті.
ШҚО-да білім беру инфрақұрылымын дамыту және оқушыларға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Өңірде апатты және үш ауысымды мектептер жоқ.
2025 жылы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 3 мың орындық 7 заманауи мектеп пайдалануға берілді. Сонымен қатар Зайсан қаласы мен Алтай ауданының Жаңа Бұқтырма кентінде жаңа білім беру нысандары ашылды. Оффтейк-келісімшарттар шеңберінде 280 орындық 5 мектептің құрылысы аяқталды.
Қазіргі уақытта облыста 7 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның 6-уы оффтейк-келісімшарттар аясында іске асырылуда. Сондай-ақ Риддер қаласында «Казцинк» ЖШС қолдауымен 600 орындық жаңа мектеп салынуда.
Ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше назар аударылуда. 2025 жылы 30 мектепке 40 пәндік кабинет орнатылып, 50 мектеп жаңғыртылды. Сонымен қатар 133 білім беру нысанында жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Оқушыларды тасымалдау мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Бүгінде 4 807 оқушы 112 елді мекеннен мектепке жеткізіледі. Бұл мақсатта 126 мектеп автобусы жұмыс істейді. Алдағы уақытта автопаркті жаңарту жоспарлануда.
Білім беру ұйымдары цифрлық және қауіпсіздік инфрақұрылымымен толық қамтамасыз етілген. Барлық мектептер интерактивті панельдермен және бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған.
Спорт инфрақұрылымын дамыту да оң нәтижелер көрсетуде. Спорт залдары жоқ мектептер саны жыл сайын азайып келеді, ал мектептердің 90%-ы спорттық жабдықтармен қамтылған.
2026 жылы 7 мектептің құрылысын аяқтау, 50 мектепті жаңғырту, 35 пәндік кабинетті жаңарту және 42 білім беру нысанында жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Жалпы, қабылданып жатқан шаралар өңірдегі білім беру сапасын арттыруға және балалар үшін қауіпсіз әрі заманауи оқу ортасын қалыптастыруға бағытталған.