
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Инклюзивті және арнайы білім беру департаменті және Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ұйымдастыруымен 2026 жылғы 26–27 наурыз күндері Астана қаласында ерекше білім беруді қажет ететін білім алушыларды психологиялық-педагогикалық қолдау мәселелеріне арналған республикалық семинар-кеңес өткізілді. Семинарға Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасынан қорғаншылық, қамқоршылық және арнайы білім беру бөлімінің бас маманы Райсканова Риза Милатовна және арнайы, инклюзивті білім беру мен интернаттық ұйымдардың әдістемелік бөлімінің әдіскері Беккалиева Гаухар Еркиновна қатысты.
Семинар барысында инклюзивті білім беруді дамытудың нормативтік-құқықтық негіздері, психологиялық-педагогикалық қолдау қызметін ұйымдастырудың заманауи тәсілдері, өңірлік тәжірибелер мен тиімді модельдер талқыланды. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді қолдауға бағытталған дайындалып жатқан заң жобасының негізгі бағыттары қарастырылды. Қатысушылар тәжірибе алмасып, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға қолдау көрсетудің практикалық аспектілерін талқылады.
Аталған іс-шарада Беккалиева Гаухар Еркиновна баяндама жасап, өңірдегі ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдаудың кешенді моделі мен даму бағыттарымен таныстырды.
Семинар аясында кейс-сессиялар, шеберлік сағаттары және білім беру ұйымдарының тәжірибесімен танысу ұйымдастырылып, инклюзивті білім беруді жетілдіруге бағытталған ұсыныстар әзірленді.