
2026 жылғы 26 ақпанда Шығыс Қазақстан өңірлік білім беруді ақпараттандыру және дамыту ғылыми-әдістемелік орталығы «Örken» «Үлкен Нарын орта мектебі» КММ базасында «Тірек мектеп – жаңа білім беру мүмкіндіктерін жүзеге асырудағы қолдау мен ынтымақтастық алаңы» тақырыбында облыстық семинар-практикум өткізді.
Семинар-практикумның мақсаты – педагогтердің кәсіби құзыреттілігін дамыту, білім беру мазмұнын жаңарту және жаңа білім беру мүмкіндіктерін енгізу жағдайында тиімді педагогикалық тәжірибені қолдауды, ынтымақтастықты және таратуды қамтамасыз ететін ресурстық орталық ретінде тірек мектептің рөлін арттыру.
«Үлкен Нарын орта мектебі» КММ тірек мектебі және оған бекітілген шағын жинақты мектептер жаратылыстану-математикалық цикл пәндері мен ағылшын тілі бойынша онлайн-сабақтар өткізіп, тиімді педагогикалық тәжірибелерін ұсынды.
Семинар аясында тірек және шағын жинақты мектептердің мұғалімдері Lesson Study әдістемесі бойынша шеберлік сағаттарын ұйымдастырып, сабақтарды бірлесіп жоспарлау, өткізу және талдау бойынша практикалық тәсілдерді көрсетті.
Білім алушылардың зерттеушілік және шығармашылық қабілеттерін дамытуға ерекше назар аударылды. Оқушылар сыни ойлау, талдау және білімді практикалық қолдану дағдыларын қалыптастыруға бағытталған STEM саласындағы жобалық жұмыстарын таныстырды.
Іс-шара қорытындысы бойынша кері байланыс ұйымдастырылып, ауыл мектептерін одан әрі дамытуға қатысты нақты ұсыныстар мен қорытындылар жасалды. Семинар-практикум нәтижелері өңірдің ауыл мектептерінде білім сапасын арттыруға бағытталған «Ауыл мектебі – сапа алаңы» республикалық жобасын Шығыс Қазақстан облысы аумағында жүйелі түрде іске асыруға негіз болады.