
Бүгін, 20 қаңтар күні Қызылорда қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың V отырысы өтті. Құрылтай аясында бірнеше жұмыс секциялары ұйымдастырылды.
Соның ішінде «Білім және ғылым» секциясында білім беру саласының өзекті мәселелері жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының өткен жылы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қолайлы жағдай жасау жөніндегі тапсырмасына сәйкес, барлық педагогтерді инклюзивті білім беру бағытында кешенді түрде оқыту мәселесіне ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ білім беру жүйесіне цифрлық технологияларды енгізу, жасанды интеллектті дамыту, электрондық сервистерді кеңінен қолдану және халықтың цифрлық дағдыларын қалыптастыру бағыттары талқыланды.
Секция мүшелері білім беру саласындағы реформаларды одан әрі жетілдіру, техникалық бағыттағы кадрларды даярлау, сондай-ақ жасанды интеллект саласындағы біліктілікті арттыру мәселелері бойынша ұсыныстарын ортаға салды.
Мемлекет басшысы өз сөзінде Әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи және Абай мұраларын жан-жақты дәріптеу мақсатында ғылыми жиындар өткізудің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, «Адал азамат» бағдарламасының ұлы ойшылдардың идеяларымен толық үндесетінін, Абайдың қара сөздерін ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізіміне енгізу қажеттігін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, Ата Заңда азаматтардың дербес цифрлық деректерінің заңмен қорғалатынына назар аударып, «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету жөніндегі тұжырымдаманың маңызын айқындады.