«Келешек мектептері» педагогтеріне арналған семинар-практикум: заманауи мектеп зертханасының мүмкіндіктері

«Келешек мектептері» педагогтеріне арналған семинар-практикум: заманауи мектеп зертханасының мүмкіндіктері

2026 жылғы 5, 6 және 8 қаңтар күндері Өскемен қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің базасында «Келешек мектептері» педагогтеріне арналған «Заманауи мектеп зертханасы: мұғалімге арналған практикалық дағдылар» тақырыбында семинар-практикумдар өткізілді.

Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – педагогтердің зертханалық жабдықтарды оқу үдерісінде тиімді және әдістемелік тұрғыдан сауатты қолдану бойынша практикалық дағдыларын қалыптастыру және дамыту. Семинарға физика, химия, биология, информатика, STEAM, робототехника пәндерінің мұғалімдері қатысты.

Үш күнге жоспарланған семинар бағдарламасы теория мен практиканы ұштастыра отырып, қатысушылардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталды. Алғашқы күні оқу жоспарлаудағы сабақтастық пен үйлесімділік мәселелері қарастырылып, мектеп зертханасының жұмыс істеу тетіктері, жабдықталуы мен қауіпсіздік талаптары талданды. Сонымен қатар пәндік зертханаларда практикалық бағыттағы мастер-кластар ұйымдастырылды.

Екінші күні цифрлық құралдарды білім беру үдерісіне саналы түрде енгізу, формативті бағалауда заманауи платформаларды қолдану, оқу материалдарын визуализациялау және жасанды интеллект мүмкіндіктерін сабақта тиімді пайдалану мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушылар цифрлық педагогикадағы заманауи модельдер мен практикалық құралдарды тәжірибе жүзінде меңгерді.

Семинардың үшінші күні оқу экспериментін ұйымдастыру, сабақ тиімділігін талдау және рефлексия жүргізу бағытындағы практикалық жұмыстармен жалғасты. Пәндік зертханаларда өткізілген тәжірибелік сабақтар педагогтердің зертханалық жұмыстарды ұйымдастырудағы кәсіби дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік берді.

Семинар-практикум педагогтердің тәжірибе алмасуына, кәсіби қауымдастықты нығайтуға және заманауи білім беру талаптарына сай оқыту үдерісін жетілдіруге ықпал ететін маңызды алаң болды.