«ROBOBASTAU» ЖОБАСЫН ІСКЕ АСЫРУ НӘТИЖЕЛЕРІ. Өскемен қаласының мектептерінде робототехника бойынша тегін үйірмелерді іске қосу жобасы

«ROBOBASTAU» ЖОБАСЫН ІСКЕ АСЫРУ НӘТИЖЕЛЕРІ. Өскемен қаласының мектептерінде робототехника бойынша тегін үйірмелерді іске қосу жобасы

Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының «Örken» Шығыс Қазақстан өңірлік білім беруді ақпараттандыру және дамыту ғылыми-әдістемелік орталығы «Robotek» робототехника мектебімен бірлесе отырып, 2025 жылғы 29–31 қазан аралығында Өскемен қаласы мектептерінде робототехника бойынша үйірмелік қызметті дамытуға бағытталған «RoboBastau» жобасын іске асыруды бастады. Жобаның бас серіктесі – «Казцинк» компаниясы. «RoboBastau» жобасының алғашқы кезеңі өткен оқу жылы Риддер қаласында «Казцинк» компаниясының қолдауымен жүзеге асырылған болатын.

Жоба аясында облыстың білім беру ұйымдарының информатика және робототехника пәні мұғалімдеріне арналған үш күндік оқыту жүргізілді.

Оқытуға келесі мектептердің педагогтері қатысты:

  • Өскемен қаласы: «№7 орта мектебі» КММ, «Зәки Ахметов атындағы №16 орта мектебі» КММ, «Оралхан Бөкей атындағы №44 лицейі» КММ, «№34 мектеп-лицейі» КММ, «№11 мектеп-лицейі» КММ, «№46 орта мектебі» КММ;
  • ШҚО ББ Глубокое ауданының білім бөліміне қарасты «О. Бөкей атындағы қазақ орта мектебі» КММ;
  • ШҚО ББ Ұлан ауданының білім бөліміне қарасты «Р. Марсеков атындағы орта мектеп» КММ.

Ашылу рәсімінде құттықтау сөз сөйлеген «Казцинк» ЖШС-нің әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры – Лазарев Андрей Павлович болды. Ол өз сөзінде бұл жоба оқушылардың техникалық дағдылары мен білім деңгейін арттыруға, ғылым мен технологияға деген қызығушылығын оятуға, сондай-ақ жоғары технологиялар саласындағы жаңа буын инженерлері мен мамандарын қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.  

«Robotek» робототехника мектебінің негізін қалаушы әрі директоры, «RoboBastau» жобасының операторы Шалқарбеков Санжар Жақсыбекұлы жоба мақсаттары мен бағдарламасын таныстырды. Ол өз сөзінде жобаның робототехника мен бағдарламалау бағытындағы үйірмелік жұмысты дамытуға, дарынды балаларды қолдауға және білім беру үдерісіне заманауи технологияларды енгізуге бағытталғанын атап өтті.

Оқыту қорытындысы бойынша педагогтер өз мектептерінде робототехника бойынша тегін үйірмелер өткізуді бастайды. Барлық қатысушы білім беру ұйымдарына Robotek.pro білім беру платформасына тегін жазылым берілді.

2026 жылғы наурыз айында қатысушы мектептер базасында Robotek Grand Tournament іріктеу кезеңін өткізу жоспарлануда. Жеңімпаздар мамыр айында Астана қаласында өтетін халықаралық робототехника чемпионаты Robotek Grand Tournament финалына жолдама алады.

«RoboBastau» жобасын іске асыру білім беру ұйымдары мен бизнес-серіктестер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысы педагогтері мен оқушыларының цифрлық құзыреттерін дамытуда маңызды қадам болуға ықпал етеді.