Зайсан технология колледжіне – 80 жыл!

Зайсан технология колледжіне – 80 жыл!

2025 жылғы 23 қазанда Зайсан технология колледжінің базасында оқу орнының 80 жылдық мерейтойына арналған Шығыс Қазақстан облысының техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары директорлар кеңесінің көшпелі отырысы өтті.

Кеңеске облыстық білім басқармасының өкілдері, колледж директорлары және әлеуметтік серіктестер қатысты.

Іс-шарада ШҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Ақылбек Алимa Ақылбекқызы құттықтау сөз сөйлеп, колледж ұжымын мерейтоймен құттықтады және оқу орнының техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытуға, білікті мамандар даярлауға қосқан зор үлесін атап өтті.

Облыс әкімі Нұрымбет Аманұлы Сақтағановтың атынан колледж педагогтеріне Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табысталып, оқу процесін заманауи деңгейде ұйымдастыру үшін интерактивті панель сыйға тартылды.

Мерейтой аясында Кәсіптік дағдылар орталығының ашылуы өтті. Мұнда студенттер тәжірибелік сабақтар өткізіп, оқытушылар біліктіліктерін арттыра алады.

Колледж өз қызметін халықаралық ынтымақтастық саласында да таныстырып, Қытай Халық Республикасының оқу орындарымен серіктестік байланыстарын көрсетті.

Сондай-ақ колледждің оқу шаруашылығы базасында жаңа асхана ашылып, студенттер мен қызметкерлер үшін жайлы жағдай жасалды.

Іс-шара Зайсан ауданының шығармашылық ұжымдарының қатысуымен өткен мерекелік концертпен қорытындыланды.

Колледж ұжымын, педагогтерді, студенттерді және әлеуметтік серіктестерді 80 жылдық мерейтоймен шын жүректен құттықтаймыз!