
2025 жылдың 22 қазан күні ШҚО ББ «Örken» Шығыс Қазақстан өңірлік білім беруді ақпараттандыру және дамыту ғылыми-әдістемелік орталығы» КММ және мектепке дейінгі тәрбие бойынша облыстық Мобильді топтың жылдық жоспарына сәйкес «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың бағдарламалық мазмұнын ашуда ойын түрлерінің маңызы» тақырыбында тәжірибелік онлайн-вебинар өткізілді.
Вебинардың мақсаты – мектепке дейінгі ұйым педагогтеріне ойын түрлерін тиімді пайдалану арқылы бағдарламалық мазмұнды жүзеге асырудың әдіс-тәсілдерін таныстыру, тәжірибе алмасу және әдістемелік қолдау көрсету.
Іс-шара барысында қатысушылар ойын әрекетінің бала дамуына ықпалын, ойын арқылы тілдік, танымдық және әлеуметтік дағдыларды қалыптастыру жолдарын қарастырды. Педагогтер өз тәжірибелерінен мысалдар келтіріп, ойын технологияларын қолданудағы тиімді әдістерімен бөлісті. Сонымен қатар, балалардың жас ерекшеліктеріне сай ойын түрлерін іріктеу және оларды оқу іс-әрекетінде қолдану жолдары жөнінде әдістемелік нұсқаулар берілді.
Вебинар соңында қатысушылар мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуда ойынның рөлі мен маңызын талқылап, кері байланыс орнатты. Қатысушылар өз қызметінде қолдануға болатын жаңа идеялар мен тәжірибелік ұсыныстар алғандарын атап өтіп, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.
Шараға облыстың әр өңірінен 40 мектепке дейінгі тәрбие және оқыту педагогтері қатысты.