
2025 жылғы 16 қазан күні Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының «Örken» Шығыс Қазақстан өңірлік білім беруді ақпараттандыру және дамыту ғылыми-әдістемелік орталығы» КММ жылдық жоспарына сәйкес «Географияны оқытуға арналған цифрлық құралдар мен ресурстар: интерактивті сабақтар өткізуге арналған бағдарламалар, қосымшалар және онлайн платформалар» облыстық семинарын өткізді.
Семинар Өскемен қаласы №47 жалпы білім беретін мектебінің базасында қазақ тілінде өтті. Семинарға облыстың жалпы білім беретін мектептерінің 30-дан астам география пәні мұғалімдері қатысты.
Сабақтың мақсаты - география пәнін оқытуға арналған цифрлық құралдар мен ресурстар, интерактивті сабақтар өткізуге арналған бағдарламалар, қосымшалар және онлай платформалардың тиімді түрлерін анықтау, идеяларды ұсыну, тәжірибеде қолдану бойынша тәжірибе алмасу.
Іс-шара аясында №47 мектептің география, физика, информатика пәндерінің педагогтары өз тәжірибелерімен бөлісті. Педагогтер сабақтарында онлайн платформалар мен цифрлық ресурстарды пайдаланып, әр түрлі әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, Padlet тақтасы, ChatGPT, Canva, GeoGebra, WolframAlpha Google Earth, Google Forms, Google Gemini, Microsoft Copilot, QuizWizard платформаларын пайдаланып шебер – сыныптар мен сабақтар өткізді.
Қатысушылар іс-шараның практикалық бағыттылығын және мазмұндық жағынан қамтылуын, білім беру жүйесінің цифрлық трансформациясы жағдайында оның өзектілігін, сондай-ақ ұсынылған материалдардың өз кәсіби қызметтеріне әрі қарай енгізу үшін пайдалы болғанын атап өтті.