Шығыс Қазақстан облысында оқушыларға арналған қазақ тілінде ерекше сабақ өтті – «Жер сілкінісі кезінде өзін-өзі ұстау ережелері» тақырыбындағы сабақ-интервью. Іс-шараны ШҚО білім басқармасының «Örken» өңірлік
ғылыми-әдістемелік орталығы ұйымдастырды. Қонақ ретінде Болатханұлы Нұрасыл ШҚО ТЖД ТЖ алдын алу басқармасының инженері, азаматтық қорғау лейтенанты шақырылды. Сабақ ашық сұхбат түрінде өтті. Оқушылар мен ұстаздар сейсмикалық қауіпсіздікке қатысты көкейкесті сұрақтарына нақты жауаптар алды.
Алдымен Болатханұлы Нұрасыл жер сілкінісі – ең қауіпті табиғи апаттардың бірі екенін түсіндірді. Ол тектоникалық қозғалыстардан, жанартаулық белсенділіктен, жартас массасының құлауынан немесе жасанды жарылыстардан туындауы мүмкін.
Әсіресе, Шығыс Қазақстанның сейсмикалық қауіпті аймақтардың қатарына жататынына назар аударылды. Облыста 75 елді мекен сейсмикалық қауіп аймағында орналасқан. Олардың ішінде Өскемен, Риддер қалалары мен Алтай, Глубокое, Зайсан, Катонқарағай, Күршім және басқа да аудандар бар.
Спикер жер сілкінісін нақты болжау мүмкін еместігін, бірақ кейбір жанама белгілер бар екенін атап өтті: жануарлардың әдеттен тыс мінез-құлқы, су деңгейінің өзгеруі,жердің тербелуі мен гуілі, тұрмыста газ қолданылмайтын жерде газ иісінің пайда болуы.
Сабақ барысында төтенше жағдай кезіндегі іс-қимылдарға ерекше көңіл бөлінді. Егер адам көпқабатты үйде болса, ең қауіпсіз жер – есік маңы немесе берік ойық. Лифтіні пайдалануға және баспалдақпен жүгіріп шығуға болмайды. Далада тұрған кезде ғимараттардан, ағаштардан, электр сымдарынан және жанармай құю бекеттерінен алыс, ашық алаңға шығу қажет.Әрбір отбасы алдын ала «дабыл сөмкесін» дайындап қоюы керек. Оның ішінде құжаттар, ақша, дәрі-дәрмек, азық-түлік, су және жылы киім болуы тиіс.
Оқушылар, сондай-ақ, өңірде төтенше жағдайлар туралы халықты ұялы телефондар арқылы уақтылы хабардар етуге мүмкіндік беретін жүйені енгізу туралы білді.
Сабақ соңында Болатханұлы Нұрасыл жер сілкінісін болдырмау мүмкін емес, бірақ оған дайын болу – әр азаматтың міндеті екенін атап өтті. Мұндай іс-шаралар оқушыларға қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және төтенше жағдайда дұрыс әрекет етуге үйретеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, сабақ-интервьюлер тек ақпарат беріп қана қоймай, сонымен қатар оқушылардың өз өмірі мен айналасындағылардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді.