Шығыс Қазақстан облысы білім беру саласы бойынша облыстық тамыз конференциясының қорытындысы

Шығыс Қазақстан облысы білім беру саласы бойынша облыстық тамыз конференциясының қорытындысы

2025 жылғы 21 тамызда Өскемен қаласында «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында өткен облыстық педагогикалық тамыз конференциясы – жаңа оқу жылындағы білім беру жүйесінің негізгі бағыттарын айқындаған маңызды шара болды.

Конференция жұмысына облыс әкімі Нұрымбет Аманұлы Сақтағанов, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, әлеуметтік серіктестер, ЖОО ректорлары, колледж директорлары, аудандық және қалалық білім бөлімдерінің басшылары, педагогикалық қауымдастық өкілдері мен ардагер ұстаздар қатысты.

Шара аясында инновациялық цифрлық технологиялар көрмесі ұйымдастырылып, пленарлық отырыста білім беру саласының даму бағыттары жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар, 25 пәндік секциялық алаң жұмысы өтті.

Баяндамаларда мектепке дейінгі ұйымдарға қолжетімділікті арттыру, білім сапасын жақсарту, педагог кадрлардың кәсіби деңгейін көтеру, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту және қауіпсіз білім беру ортасын қамтамасыз ету мәселелеріне баса назар аударылды.

Сондай-ақ, білім беру инфрақұрылымын жаңғырту, жаңа мектептер салу, пәндік кабинеттермен жабдықтау, инклюзивті білім беруді дамыту, балаларды әлеуметтік қолдау және ата-аналармен ынтымақтастықты күшейту бағытындағы жоспарлар таныстырылды.

Конференция барысында бірқатар педагогтар мемлекеттік және өңірлік наградалармен, сондай-ақ ҚР Оқу-ағарту министрлігінің төсбелгілерімен марапатталды. «Үздік орта білім беру ұйымы – 2025» атағы мен гранттары табысталды.

Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде «Жұмысшы мамандықтар жылының» қорытындылары шығарылып, колледждер мен жұмыс берушілер арасындағы әріптестіктің нығая түскені атап өтілді.

Конференция соңында педагогикалық қауымдастық алдында жаңа 2025–2026 оқу жылында жүзеге асырылатын негізгі міндеттер қойылды. Олар:
​•​білім сапасын арттыру;
​•​педагог мәртебесін көтеру және кәсіби қолдау көрсету;
​•​ауыл мектептерін дамыту;
​•​оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
​•​тәрбие жұмысының тиімділігін арттыру;
​•​білім беру жүйесіне инновациялар мен цифрлық технологияларды енгізу.

Қорытындылай келе, тамыз конференциясы білім саласының дамуына серпін беріп, педагогтердің жаңа оқу жылына бірлескен мақсат-міндеттерін айқындап берді.