Бүгін, 2025 жылғы 20 маусымда ҚР оқу-ағарту вице-министрі Е.Оспан Шығыс Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары аясында Өскемен құрылыс-техникалық колледжінде болды.
Кездесу барысында вице-министр құзыреттілік орталығының шеберханаларымен танысып, «Автомобиль көлігін жөндеу шебері» және «Электргазымен дәнекерлеуші» біліктілігі бойынша демонстрациялық емтиханға қатысты. Сонымен қатар, «Плиткамен қаптау», «Кірпіш қалау» және «Сантехника және жылыту» құзыреттіліктері бойынша студенттердің WorldSkills чемпионатының дайындық алаңында болды.
Сапар барысында осы колледжде кадрлар даярлау бойынша өзекті мәселелер мен негізгі стратегиялық міндеттер, жұмысшы мамандықтар жылы шеңберінде қойылған іс-шаралар мен мақсаттар туралы айтылды.
Сондай-ақ, Е. Оспан колледждің студенттер жатақханасын барып көрді.
Вице-министрдің сапары оқу орнының жүргізіп жатқан білім беру және тәрбие жұмысының маңыздылығы мен дұрыс бағытын растай отырып, колледж үшін маңызды оқиға болды.