Биылғы жазда Шығыс Қазақстан облысында жергілікті бюджет есебінен әртүрлі форматтағы жазғы демалыспен 4 403 бала қамтылмақ. Балалардың бос уақытын сапалы ұйымдастыру және сауықтыру мақсатында өңірде 12 қала сыртындағы лагерлер жұмысын жалғастырады, онда 3 923 бала тегін демалады.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры айтарлықтай қолдау көрсетуде. Қордың көмегімен ауыл мектептерінен 185 оқушы «Дарын» лагеріне тегін жолдама алды. Бұл — балалардың демалу және сауықтыру мүмкіндіктерінің теңдігін қамтамасыз етудегі маңызды қадам.
Ата-аналар арасында күндізгі мектеп жанындағы 270 лагерь үлкен сұранысқа ие. Бұл лагерьлер тамақпен және тамақсыз әртүрлі бағдарламалар ұсынады, бұл отбасыларға өздеріне қолайлы форматты таңдауға мүмкіндік береді.
Барлық ауысымдардың бағдарламалары балалардың жас ерекшеліктері, қызығушылықтары мен қажеттіліктерін ескере отырып жасалған. Бағдарламада шығармашылық студиялар мен үйірмелердегі сабақтар, тұлғалық даму, бастамашылдық, коммуникативтік және көшбасшылық қабілеттерді дамытуға бағытталған шаралар қарастырылған.
Сондай-ақ бірегей «Қонақжай отбасы» жобасы жалғасады. Биыл бұл жоба аясында 140 бала қазақ тілді ортаға еніп, тілді тұрмыстық жағдайда үйренуге мүмкіндік алады. Бағдарлама қазақ тілін үйренуді, өңірдің дәстүрі, мәдениеті мен тарихымен танысуды, халық аспаптарында ойнау бойынша шеберлік сабақтарына қатысуды және Шығыс Қазақстанның қасиетті жерлеріне экскурсияларды қамтиды.
Өңірде алғаш рет балалар мен жасөспірімдер туризмін дамытуға бағытталған «Киелі Шығыс» жобасы басталады. Аталған жоба аясында 200 оқушы білім беру және танымдық турларға қатысып, ашық аспан астындағы мұражай – «Берел қорғандары», Қиын-Керіш шатқалы, жартасқа салынған суреттер мен Мемлекеттік ұлттық табиғи парктер мен тарихи және табиғи ескерткіштерді тамашалайды.
Жазғы кезеңде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады. Барлық балалар демалатын орындарда санитарлық нормалар мен өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуына бақылау күшейтілді.
2025 жылғы жазғы науқанның мақсаты – әрбір баланы демалдырып қана қоймай, олардың жаңа білім алуларына, жазғы демалысты әсерлі өткізулеріне, өз қабілеттерін ашуына жағдай жасауға бағытталған.