Шығыс Қазақстан облысының әкімінің орынбасары Нұрғалиев Е.Ж. төрағалығымен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша кеңес өтті.
Кеңеске адам құқықтары және бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдер, құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, сондай-ақ қалалар мен аудандардың әкім орынбасарлары, білім бөлімдерінің басшылары, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының директорлары қатысты.
Кеңес барысында балалар арасындағы зорлық-зомбылық пен суицидтік мінез-құлықтың алдын алу шаралары, білім беру ұйымдарын қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз ету мәселелері, сондай-ақ жазғы демалысты ұйымдастыру және жазатайым оқиғалардың, соның ішінде суға бату, жол-көлік оқиғалары және балалардың терезеден құлауының алдын алу бойынша профилактикалық шаралар талқыланды.
Кеңес қорытындысы бойынша балалардың көп жиналатын орындарында қауіпсіздік нормаларының сақталуын бақылауды күшейту, сондай-ақ ата-аналар мен балалардың қауіпсіздік мәселелері жөніндегі хабардарлығын арттыруға бағытталған кешенді профилактикалық іс-шараларды өткізу туралы тапсырмалар берілді.