
Батырлар арамызда өмір сүреді!!! Бұл – бос сөз емес.
Қақаған аязды күні Соловьево ауылындағы үйлердің бірінде өрт шықты. Мұны мектеп мұғалімі Сейітов Рулан Тельманұлы байқап қалды. Ол бір сәт те кідірместен үйге ұмтылды, алайда жалын ішке кіргізбеді. Қою түтін айналаны тұмшалап, ештеңе көрінбеді. Бірақ үрейленген балалардың қатты жылаған дауысы естілді.
Рулан Тельманұлы далаға жүгіріп шығып, сынған терезе арқылы балаларды сыртқа алып шыға бастады. Жалаңаш қалған балалардың далада қалуы мүмкін емес еді. Сол сәтте ол жалғыз әрі дұрыс шешім қабылдап, балаларды жүгіріп өз үйіне апарды (бақытына орай, үйі жақын орналасқан еді), көршілерге өрт туралы хабар беріп, қайтадан оқиға орнына оралды. Себебі үйдің ішінде әлі де балалардың әжесі – бір әйел қалып қойған болатын.
Біз өз батырымызды мақтан тұтамыз!!!