
«Заң және тәртіп» акциясы аясында Алтай ауданы прокуратурасының бастамасымен збағалау фабрикасының қызметкерлерімен кездесу өтті.
Кездесу барысында Алтай ауданы прокурорының орынбасары Сүлеменов Адиль заңдылықты сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу және құқыққа қайшы әрекеттер үшін жауапкершілік мәселелерін түсіндірді. Ол интернет-алаяқтықтан қорғану жолдары туралы толық мәлімет берді, ең көп таралған алаяқтық схемалары мен қаржылық шығындарды болдырмау әдістеріне тоқталды.
Полиция басқармасының орынбасары Қыдырханова Айжан қатысушыларды интернет-алаяқтықтың өсуі туралы хабардар етті. Оның айтуынша, Алтай ауданы бойынша осы қылмыстардан келтірілген жалпы шығын 128 млн теңгені құрады. 2024 жылы 48 қылмыстық іс тіркелсе, 2025 жылы – 84 іс тіркелген. Ол азаматтарға интернет арқылы алынған ақпараттың шынайылығын тексеру, қаржылық операцияларды ресми арналар арқылы жасау қажеттігін атап өтті.
Алтай ауданы әкімінің орынбасары Аскарова Жанна қатысушыларға абай болуға, алаяқтардың азғыруына ермеуге, жеке деректерді сақтауға және күдікті жағдайларды құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға шақырды. Ол құқық тәртібін сақтау мен қылмыспен күресте мемлекеттік органдар мен азаматтардың бірлескен күш-жігерінің маңыздылығын атап өтті.
Кездесу соңында қатысушыларға интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша практикалық ұсынымдар берілген ескертпелер таратылды. Барлық қатысушылар кездесудің пайдалы болғанын айтып, алынған білімді күнделікті өмірде өздерін және жақындарын қорғау үшін қолдануға дайын екендіктерін білдірді.