Авторлық құқық - бұл ғылым, әдебиет және өнер туындыларын жасауға және пайдалануға байланысты туындайтын қатынастар.
"Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 7-бабына сәйкес авторлық құқық объектілері: әдеби, драмалық және музыкалық-драмалық, сценарийлік туындылар, хореография және пантомима туындылары, мәтіні бар немесе мәтіні жоқ музыкалық туындылар, аудиовизуалды туындылар, кескіндеме, мүсін, графика туындылары, бейнелеу өнері және басқа да туындылар.
Заңның 9-бабына сәйкес, ғылым, әдебиет және өнер туындысына авторлық құқық оның жасалу фактісіне байланысты туындайды. Авторлық құқықтың пайда болуы мен жүзеге асырылуы үшін туындыны тіркеу, туындыны өзге де арнайы ресімдеу немесе қандай да бір формальдылықты сақтау талап етілмейді.
Өзінің айрықша мүліктік құқықтары туралы хабарлау үшін автор және (немесе) құқық иесі туындының әрбір данасына міндетті түрде үш элементтен тұратын авторлық құқықты қорғау белгісін орналастыруға құқылы:
1) шеңбердегі латын әрпі "С" ©;
2) айрықша авторлық құқық иеленушінің аты (атауы) ;
3) туындының алғашқы жарияланған жылы.
Алайда, құқықтар бұзылған жағдайда, (мүліктік емес) құқықтарды тіркеу туралы куәлік автордың пайдасына қосымша дәлел бола алады.
Заңның 9-1-бабына сәйкес мәліметтерді және олардың өзгерістерін Тізілімге енгізу уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен автордың өтінішін алған күннен кейінгі бір жұмыс күні ішінде немесе заңды күшіне енген сот шешімі негізінде жүргізіледі. Қызметті ҚР ӘМ "Ұлттық зияткерлік меншік институты" РМК көрсетеді.
Тізілімге мәліметтер енгізу туралы өтінішке туындының данасы және осы қызметке ақы төленгенін растайтын құжаттың көшірмесі және қажет болған жағдайда төлем мөлшерін азайту үшін негіздемені растайтын құжаттың көшірмесі қоса беріледі.
Автор құжаттар топтамасын толық ұсынбаған жағдайда "ҰЗМИ" РМК сараптама ұйымы өтінішті қабылдаудан бас тартады, ал осы Заңның талаптары сақталмаған жағдайда қызмет көрсетуден бас тартады.
Уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша куәлік беру тиісті мәліметтерді Тізілімге енгізуді растау болып табылады.
Қазақстан Республикасында авторлық құқық автордың бүкіл өмірінде және ол қайтыс болғаннан кейін 70 жыл бойы қолданылады. Авторлық құқық, автордың аты-жөні және беделін қорғау құқығы мәңгілікке қорғалады.