Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Б.К. Баяхметов жұмыс сапарымен Серебрянск қаласы, Жаңа Бұқтырма және Зубовск кенттерінде болды.

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Б.К. Баяхметов жұмыс сапарымен Серебрянск қаласы, Жаңа Бұқтырма және Зубовск кенттерінде болды.

Жұмыс сапары барысында аудан әкімі Р.Т. Құрмамбаев облыс әкімінің орынбасарын өңірде жүзеге асырылып жатқан бірқатар әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымдық жобалардың орындалу барысымен таныстырды. Серебрянск қаласында «Күмістау» теміржол вокзалы ғимаратын қайта жаңғырту, СЗНП зауытының бұрынғы №150 әкімшілік корпусын мәдени-демалыс және спорт орталығы етіп қайта бейімдеу, сондай-ақ Веденеев көшесі, 18 мекенжайындағы бұрынғы жатақхана ғимаратын көппәтерлі тұрғын үйге қайта жаңғырту жұмыстары қаралды.
Сонымен қатар алдағы жылыту маусымына дайындық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын аралау барысында жөндеу жұмыстарының орындалу қарқыны, инженерлік инфрақұрылымның дайындығы және тұрғындарды сапалы коммуналдық қызметпен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Жаңа Бұқтырма кентінде облыс әкімінің орынбасары Абай көшесіндегі орталық жолды күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Сондай-ақ «Малибу» жағажайын аралап, туристік инфрақұрылымды дамыту және абаттандыру мәселелерін қарады. Бұдан бөлек, кент қазандығында болып, оның алдағы жылыту маусымына дайындығын тексерді.
Зубовск кентінде теміржол вокзалы ғимаратындағы жөндеу жұмыстарының барысы қаралды.
Барлық араланған нысандар бойынша жауапты тұлғалардың есептері тыңдалып, жобаларды іске асырудың қарқыны, туындаған мәселелер және оларды шешу жолдары талқыланды. Сапар қорытындысы бойынша облыс әкімінің орынбасары барлық құрылыс және жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды, сондай-ақ күзгі-қысқы кезеңге дайындық жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.