
Кент тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға және халық денсаулығын нығайтуға бағытталған консультациялық қабылдаулар мен профилактикалық тексерулер ұйымдастырылды. Іс-шара барысында тұрғындар білікті мамандардан кеңес алып, қосымша тексеруден өту және ем алу бойынша ұсынымдар алды.
Акцияға «ASTANA VISION» ЖШС мамандары қатысып, тұрғындардың көру қабілетін диагностикалық тексеруден өткізіп, офтальмолог дәрігердің кеңесін ұсынды. Ал «Best» оптикасының өкілдері көзілдірік таңдауға көмектесіп, оларды дайындауға тапсырыстар қабылдады.
Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысы Денсаулық сақтау басқармасының «Өскемен қаласының мамандандырылған сәбилер үйі» КММ және «Шығыс Қазақстан облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығы» ШЖҚ КМК мамандары тұрғындарға консультациялық көмек көрсетіп, денсаулықты сақтау, әлеуметтік маңызы бар аурулардың алдын алу және салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Медициналық қызметтермен қатар, кент тұрғындары заңгерлік кеңестер алып, Отбасы банк мамандарынан тұрғын үй бағдарламалары мен банк қызметтері бойынша түсіндірмелер алды.
Шығыс Қазақстан облыстық AMANAT партиясы филиалының төрағасы Ж.Ж. Мекеева «Аманат керуені» жобасының басты мақсаты – шалғай елді мекен тұрғындарының сапалы медициналық, әлеуметтік және құқықтық қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ халықты толғандыратын өзекті мәселелерді жедел шешуге ықпал ету екенін атап өтті.
Іс-шара кент тұрғындарының үлкен қызығушылығын тудырып, облыс орталығына бармай-ақ қажетті кеңестер мен білікті көмек алуға мүмкіндік берген тиімді алаңға айналды.
Жаңа-Бұқтырма тұрғындары акцияны ұйымдастырушылар мен шақырылған мамандарға көрсеткен ықыласы, кәсібилігі және қажетті қызметтерді тұрғылықты жерде алуға мүмкіндік жасағаны үшін шынайы ризашылықтарын білдірді.