
Алтай ауданының Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткен брифингте «Пиротехника және Қауіпсіз Жаңа жыл» атты өрт қауіпсіздігі бойынша профилактикалық акцияның қорытындысын шығарды.
Аталған акция 2025 жылғы 1–31 желтоқсан аралығында өткізілді. Іс-шараға жергілікті атқарушы органдар, Алтай қаласының Жастар ресурстық орталығының еріктілері, Алтай ауданының полиция бөлімінің қызметкерлері, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері тартылды.
Акция аясында жаңа жылдық мерекелік іс-шаралар өтетін орындарда 9 рейд ұйымдастырылды. Іс-шаралар кезінде қызметкерлермен және қатысушылармен өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша нұсқамалар жүргізілді. Сонымен қатар, кафе мен дүкен иелерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізіліп, жаппай іс-шаралар кезеңінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар берілді.
Объектілердің әкімшілігімен және мерекелік іс-шараларды ұйымдастырушылармен бірлесіп, жаңа жылдық іс-шаралар басталғанға дейін және өткізу барысында комиссиялық тексерулер жүргізілді. Ерекше назар, эвакуациялау жолдарының жай-күйіне, алғашқы өрт сөндіру құралдарының болуына, сондай-ақ жаңа жылдық шыршаларды қауіпсіз безендіруге — жарамды электр гирляндалары мен жарықтандыруды қолдануға, шыршалардың орнықтылығына және эвакуацияға кедергі келтірмейтін жерлерге орналастырылуына аударылды.
Полиция қызметкерлерімен және еріктілермен бірлесіп, пиротехникалық өнімдерді заңсыз сату және сақтау орындарын анықтау мақсатында 23 рейд өткізілді. Нәтижесінде, пиротехниканы заңсыз сатудың 4 дерегі анықталып, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 196-бабы бойынша 4 әкімшілік хаттама толтырылды, әрқайсысы 25 АЕК мөлшерінде 4 айыппұл салынды, 25 дана пиротехникалық бұйым тәркіленді.
Халық арасында жүргізілген кең көлемді түсіндіру жұмыстарының арқасында Жаңа жыл түні Алтай ауданында пиротехниканы қолдануға байланысты өрт оқиғалары тіркелген жоқ.
Сондай-ақ брифинг барысында 2025 жылдың қорытындысы жарияланды. Жыл ішінде аудан аумағында 72 өрт тіркелді, бұл 2024 жылмен салыстырғанда төмен (2024 жылы — 82 өрт). Өрт салдарынан 3 адам қаза тапты (2024 жылы — 2), зардап шеккендер тіркелген жоқ (2024 жылы — 3).
Алтай ауданының ТЖБ қызметкерлері өрт қауіпсіздігі саласында 137 тексеру жүргізді. Әкімшілік жауапкершілікке 132 адам тартылды.
Тұрғын үй секторында оң динамика байқалады: өрт саны 10 пайызға азайып, 57 жағдайды құрады. 2025 жылы әлеуметтік осал отбасылардың тұрғын үйлеріне 41 көмірқышқыл газын анықтайтын датчик орнатылды.
Профилактикалық жұмыс тұрақты түрде жүргізілді: бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, рейдтер мен халықпен кездесулер барысында, сондай-ақ мектептер мен балабақшаларда өсіп келе жатқан ұрпақпен өткізілген сабақтар мен іс-шаралар аясында.
Алтай ауданының Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері өрт санының азаюы жүйелі профилактикалық жұмыстардың, ведомствоаралық өзара іс-қимылдың және тұрғындардың өрт қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауының нәтижесі екенін атап өтті.