Сапар барысында сенатор ауыл шаруашылығы мен туризмді дамытуға қатысты бірқатар нысандарды аралап, жергілікті кәсіпкерлердің бастамаларымен танысты.
Аудандық мәслихаттың төрағасы Лариса Гречушникова және аудан әкімі Ренат Курмамбаевпен бірлесіп Ольга Александровна Полянское ауылында болып, «Мойылды Байқоңыр» ЖШС өндірістік нысандарын аралады. Кәсіпорын басшылығы ағымдағы іс-шараларға, өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы саласындағы жетістіктерге тоқталды, сонымен қатар мемлекет тарапынан қолдауды қажет ететін бірқатар жүйелі проблемаларды, соның ішінде техниканы жаңғырту мен кадр тапшылығын сөз етті.
Одан кейін сенатор Малеевск ауылындағы жеке кәсіпкер Катаев Александр Валерьевичтің нысанында болып қайтты. Бұл жерде Ольга Булавкина «Алтай Хамир» АШК жобасының жүзеге асырылу барысымен танысты – Хамир өзенінің көркем жағалауында туристік үйлердің құрылысы. Жоба «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда және ішкі туризмді дамытуға, жұмыс орындарын ашуға және Алтай ауданының табиғи әлеуетіне назар аударуға бағытталған.
Александр Катаев құрылыстың барысы, аумақты абаттандыру жоспарлары және ауданға туристерді тарту перспективалары туралы баяндады. Ол мемлекеттік қолдау шараларының арқасында шағын кәсіпкерлікті дамытып қана қоймай, ауыл экономикасын жандандыратын жобаны іске қосуға мүмкіндік болғанын баса айтты.
Ольга Булавкина мұндай бастамалардың маңыздылығын жоғары бағалады:
— «Ауыл аманаты» бағдарламасы – бұл жай ғана кәсіпкерлікті қолдау емес, бұл ауыл өміріне, осында тұрып, жұмыс істеп жатқан адамдарға инвестиция. ЖК Катаевтың жобасы кәсіпкерлік бастаманың ауылдық аумақты түрлендіруге, оны туризм мен демалыс үшін тартымды етуге болатынының жарқын мысалы, — деді сенатор өз сөз кезегінде. Жұмыс сапары ведомствоаралық ынтымақтастық мәселелерін және ауыл туризмі мен аграрлық секторды одан әрі дамыту үшін қажетті заңнамалық бастамаларды талқылаумен аяқталды.