
14 наурыз (сенбі) – Көрісу күні - Амал мерекесі
Мерекелік іс-шаралар референдум алдындағы тыныштық күні қоғамдық көңіл-күйді көтеріңкі ұстап тұруға мүмкіндік береді. Еліміздің әр түкпірінде өтетін ауқымды іс-шараларға цифрлық платформада тікелей трансляция жасалып, қоғамның мәдени тұтастығын арттыруға ықпал етеді.
Бұл күні жақындар мен туыстарды «Көрісу күні – Амал мерекесімен» құттықтау салтын кеңінен насихаттауға арналған арнайы іс-шараларды ұйымдастыру ұсынылады. Сондай-ақ осы күні міндетті түрде танымал отандастарымыздың аға буын өкілдерін құттықтап бару шаралары ұйымдастырылуы қажет.
Осыған орай, ел арасында мерекені тойлау дәстүрін тұрақты түрде қалыптастыру үшін белгілі қайраткерлердің, қоғамдық пікір көшбасшыларының, танымал блогерлер мен әртістердің және т.б. қатысуымен өз жанұясы мен достары арасында өткізілетін «Көрісу күні – Амал мерекесі» челленджі,
сондай-ақ түрлі БАҚ-тар мен әлеуметтік желілерде Наурыз логотипі негізіндегі цифрлық құттықтаулар мен тақырыптық постерлер, танымал тұлғалардың бейнеқұттықтаулары кең таратылуы тиіс.
Осы күні «Ақорда» сайтында Мемлекет басшысының отбасылық-дәстүрлі құндылықтарды дәріптеуге арналған құттықтауы жарияланады.
Өңірлердің басшылары Наурызнаманың бастауы ретінде Көрісу күніне орай құттықтау жариялау тиіс. Сондай-ақ, отандық ІТ-саласының үздіктері, технологиялық кәсіпкерлер мен цифрлық қауымдастық өкілдерінен құттықтау бейнероликтерін жариялау қисынды.
Наурызнаманың алғашқы күнінен бастап азаматтарға мерекелік құттықтауларды жаппай таратуды көздейтін «Цифрлық амандасу» бастамасын іске асыру – «eGov» қосымшасы арқылы Push-хабарламаларды халыққа тарату қолға алынады. Бұл формат Наурыз мерекесін мерекелеу дәстүрін заманауи цифрлық құралдармен ұштастырып, еліміздің мейілінше көп азаматтарын қамтуға мүмкіндік береді.
15 наурыз (жексенбі) – Қайырымдылық күні
Биыл Қайырымдылық күні Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы бойынша республикалық референдум күнімен тұспа-тұс келеді.
Өңірлерде мемлекеттік органдар тарапынан ұйымдастырылатын мұқтаж азаматтарды қолдауға бағытталған іс-шаралар референдум туралы заңнаманың шектеулерін бұзбауы шарт.
Осы орайда, қайырымдылық күні азаматтарға арнайы ынталандыру шаралары тек бизнес өкілдерінің, сауда ойын-сауық орталықтарының, маркетплейстердің әлеуметтік акциялары арқылы жүзеге асырылу қажет.
13-23 наурыз аралығында ел аумағында «Наурыз-базарлық» маусымын жариялап, ірі сауда орындарында, электронды маркетплейстерде, базарлар мен жәрмеңкелерде #NauryzSale, #NauryzDay, #NauryznamaSale (былтырғы #Republic Day акциясының алгоритмі негізінде) акцияларын ұйымдастыру – елдегі әлеуметтік ахуалды реттеп, қайырымдылық мәдениетін арттырады. Осы акцияға қатысқан ірі сауда орталықтары мен кәсіп иелері арасында цифрлық Наурыз стиліндегі ең үздік безендіру бойынша байқау өткізіледі.
Сондай-ақ, Яндекс, InDrive сияқты компаниялармен бірлесіп такси қызметтеріне арнайы жеңілдіктер акциясы ұйымдастырылады.
Бұл іс-шаралар референдум күнінің мерекелік атмосферасын күшейтіп, адамдардың дауыс беруге белсенді түрде баруына қолайлы жағдай жасайды.
Жаппай тәртіпсіздіктер мен резонанс туғызуы мүмкін тегін тамақ, түрлі заттар мен киім-кешектерді тарату акцияларын өткізуге жол берілмеуі тиіс.
16 наурыз (дүйсенбі) – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні
Ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу және ұлттық мәдени мұраны кеңінен насихаттау мақсатында барлық өңірде мазмұнды әрі ауқымды іс-шаралар кешенін ұйымдастыру қажет.
Мәдениет ұйымдарында мерекелік марафон аясында кең тараған дәстүрлердің заманауи форматтағы көрсетілімдерін өткізу ұсынылады. Халық шеберлерінің көрмелері мен қолөнер жәрмеңкелерін, ұлттық тағам фестивальдерін өткізу арқылы дәстүрлі мәдениеттің өміршеңдігін айқындау маңызды.
Ел аумағында ұлттық және жасөспірімдер аудиториясына арналған патриоттық кино апталығын ұйымдастыру қажет. Республикалық және өңірлік телеарналарда патриоттық бағыттағы отандық киноөнімдердің көрсетілімін қамтамасыз ету ұсынылады. Бұл өскелең ұрпақтың тарихи санасын нығайтып, ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыруға ықпал етеді.
Қалалар мен аудандарда қазақстандық суретшілермен, мүсіншілермен, қаламгерлермен, өнерпаздармен және мәдениет саласының басқа да өкілдерімен кездесулер, шеберлік сағаттары, шығармашылық кештер мен тұсаукесерлер ұйымдастыру қажет. Мұндай форматтағы іс-шаралар мәдени сабақтастықты сақтауға және жастардың шығармашылық әлеуетін қолдауға бағытталуы тиіс.
Бұқаралық ақпарат құралдарында шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің тақырыптық сұхбаттарын жариялау, оның ішінде белгілі этнограф-ғалымдардың қатысуымен қолданбалы өнердің мәні, қазақ ұлттық ою-өрнектерінің семантикасы, дәстүрлі қолөнердің тәрбиелік және дүниетанымдық маңызы туралы танымдық материалдар мен бейнероликтер дайындау ұсынылады.
Жалпы алғанда, аталған іс-шаралар ұлттық бірегейлікті нығайтуға, тарихи-мәдени мұраны заманауи форматта дәріптеуге және қоғамда дәстүр сабақтастығын орнықтыруға бағытталуы тиіс.
Осы күні еліміздің IT-университеттері мен IT-хабтары Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күнін өткізу қажет. Мұндай формат цифрлық технологиялардың қазіргі заманғы мәдениет пен экономиканы дамытуға қосқан үлесін көрсетуге мүмкіндік береді.
Музейлер мен театрларда мәдени мұра мен инновациялық шешімдердің үйлесімділігін көрсететін цифрлық инсталляцияларды орнату, сондай-ақ сауда ойын-сауық орталықтары мен қоғамдық кеңістіктерде Наурызнаманы әңгімелеп беретін видео-аватарларды көрсету жоспарлануда.
Сонымен қатар, Наурызнама тақырыптарына орай мереке репертуары мен мазмұндық компоненттер (заманауи ән мен күй, би, театрландырылған көрініс, ұлттық батырлар бейнесіндегі анимациялық кейіпкерлер және т.б.) жаңартылып, онкүндік кезінде көпшілік орындарда, қоғамдық көліктерде, ірі сауда орталықтарында қазақ күйлерін ойнату үрдісі жалғастырылады.
17 наурыз (сейсенбі) – Шаңырақ күні
Бұл күні барлық өңірде отбасы құндылықтарын дәріптеуге арналған ұлттық киім киген жастардың неке қию салтанатында «Наурыз бата» беріліп,
40-50 жыл отасқан жұбайлар марапатталады.
Балаларға арналған мерекелік дәстүрді бекітуге арнайы көңіл бөлу керек. Атап айтқанда, әкімдіктер жаңа туған нәрестелердің ата-аналарына «Наурыз-базарлық» сый-кәдесін табыстап, құттықтаулар ұйымдастыруға тиіс. Сондай-ақ, осы күні балаларға арналған түрлі танымдық, шығармашылық, спорттық іс-шаралар өткізіп, жеңімпаздар мен қатысушыларға «Наурыз» логотипі бар естелік сыйлықтар мен ұлттық тәттілерді табыстау керек.
Азаматтар көп жиналатын орындарда жасанды интеллект шешімдерін көрсететін, халықаралық, сондай-ақ отандық жасанды интеллект технологияларын үйрететін арнайы интерактивті алаңдар ұйымдастыру ұсынылады.
Көпшілік орындарда ғылыми-танымдық VR экскурсиялар, интеллектуалды ойындар, викториналар, шығармашылық байқаулар, ЖИ көмегімен ұлттық ойындар, шеберлік сабақтары, қазақша анимация көру, кітап оқу акциялары, қазақстандық мазмұндағы заманауи аниматорлардың ертегі оқуы сияқты және т.б. іс-шаралар өткізіледі.
Мұндай формат халықты заманауи цифрлық технологиялармен қолжетімді және көрнекі түрде таныстыруды қамтамасыз етуге, мерекелік іс-шаралардың біліми құрамын күшейтуге және цифрлық трансформацияны қоғамның күнделікті өмірінің ажырамас бөлігі ретінде оң қабылдауды қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, «Digital Nauryz» порталы арқылы өтінімдерді қабылдай отырып, цифрландыру және жасанды интеллект тақырыбына арналған тақырыптық байқау өткізу қисынды. Бұл бастама цифрлық технологияларға қызығушылықты оятуға, таланттарды анықтауға және азаматтардың белсенділігін арттыруға ықпал етеді.
Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қоғамдық алаңдарында
дрон-футбол турнирі мен VR іс-шараларын ұйымдастыру, сондай-ақ сауда ойын-сауық орталықтарында робот-гидтерді қою ұсынылады.
Бұл мерекенің отбасылық және қоғамдық форматын перспективалы технологиялық шешімдерді көрсетумен ұштастыруға, іс-шаралардың интерактивтік сипатын күшейтуге және заманауи инновациялық форматтарды қалыптастыруға мүмкіндік береді.
18 наурыз (сәрсенбі) – Ұлттық киім күні
Бұл күні ұлттық киім үлгісін танымал етуге және сәнді киімдер көрсетілімі мен этнофестивальдерді өткізуге ерекше назар аудару қажет. Осы ретте, мемлекеттік қызметшілердің, депутаттар мен басқа да лауазым иелерінің заманауи стильдегі ұлттық киім киюді кеңсе салтына енгізуі құпталады.
Бірақ бұл күнді пайдаланып, қандай да киім өндіруші компанияларды немесе брендтерді жарнамалауға, әкімдіктер тарапынан оларға лоббизм жасауға жол берілмеуі тиіс.
Танымал мәдениет қайраткерлерінің, әртістердің, спортшылардың, блогерлердің және т.б. қатысуымен «Ұлттық киім күні» тақырыптық челленджін ұйымдастыру, олардың әлеуметтік желіде ұлттық киім киіп, ұлттық нақыштағы аксессуарларды тағып, арнайы жазба, видео, рилс жариялауы маңызды.
БАҚ-та белгілі дизайнер, модельер, қолөнерші, стилист және т.б. мамандармен сұхбаттар мен роликтер дайындау барысында этностильдің маңызы мен мәні, заманауи стильдегі трендтер, ұлттық киімнің қазақстандық бірегейлікті қалыптастырудағы рөлі сияқты тақырыптар қамтылуға тиіс.
Сонымен қатар, Астана және Алматы қалаларында ұлттық киімдер үлгілерін виртуалды түрде өлшеп көру технологияларын көрсете отырып, ұлттық киімдер дүкендері туралы арнайы репортаждар дайындау ұсынылады.
Мұндай формат мәдени дәстүрлер мен заманауи цифрлық шешімдердің үйлесімін атап көрсетуге, сондай-ақ олардың сауда саласында практикалық қолданылуын көрнекі түрде ұсынуға мүмкіндік береді.
19 наурыз (бейсенбі) – Жаңару күні
Наурыз мейрамы елдегі толыққанды трансформацияға қарқын берген жаңа саяси дәуірдің басталуымен тұспа-тұс келгенін ескеріп, «Жаңару күнін» биылдан бастап цифрлық трансформация тақырыбына арнау ұсынылады.
Бұл күні барлық өңірде цифрлық даму бағытындағы AI, IT, VR, робототехника саласындағы жобалар таныстырылып, мектеп оқушылары мен студенттердің интеллектуалды еңбегінің көрмесі ұйымдастырылады.
Дәрістер мен шеберлік сабақтарына, зияткерлік ойындар мен креативті IT стартаптарға баса мән беріліп, Smart City тұжырымдамасы аясындағы (қаланы басқару, тұрғын үй кешені, көлік-логистика, жол қауіпсіздігі, әлеуметтік сала, экология, инфрақұрылым және т.б.) цифрлық тетіктердің нәтижесі халыққа кеңінен насихатталады.
Астана-Алматы бағытындағы «Тальго» пойыздарын интернет желісіне жалғау бойынша пилоттық жобаның басталуы да осы күнге жоспарланып отыр.
20 наурыз (жұма) – Ұлттық спорт күні
Биыл Ұлттық спорт күні Ораза айт мерекесімен тұспа-тұс келеді.
Бұл күні әр өңірде ұлттық спорт түрлерінен дәстүрлі жарыстарды (бәйге, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу, құсбегілік, асық ату, тоғызқұмалақ, садақ ату және т.б.) ұйымдастыру, сондай-ақ VR-ойындар орнатылған интерактивті алаңдар ашу қажет.
Мұндай формат дәстүрлі спорттық іс-шараларды заманауи цифрлық технологиялармен толықтыруға және бос уақытты белсенді өткізудің инновациялық форматтарына қосымша қызығушылық тудыруға мүмкіндік береді.
Ұлттық спорт түрлері бойынша бұқаралық жарыстар, жануарлармен дәстүрлі ойындар (жаппай көкпар және т.б.) арнайы мамандандырылған алаңдарда (ипподромдар, стадиондар және т.б.) өтуі тиіс.
Бұл күні Астана қаласында AI Sport бағытында «Болашақтың ойындары» жобасы аясындағы қазақстандық команданы жұртшылыққа таныстыру шарасы ұйымдастырылады.
Ақпараттық кеңістікте #ұлттықспорт, #этноспорт хештегімен ұлттық спорттық ойындардан трансляция жасалып, ЖИ көмегімен дайындалған роликтер таратылады.
21 наурыз (сенбі) – Ынтымақ күні
Бұл күні Мемлекет басшысының қазақстандықтарды құттықтауы жоспарлануда. Астанадағы бас этноауылда мультимедиялық киіз үй тігу жоспарланып отыр. Оның ішінде 3D форматында Наурызнама тарихы мен халықтық дәстүрлер көрсетіледі.
Астанадағы Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығының ашылуы ұйымдастырылып, нақты уақыт режимінде деректерді талдайтын цифрлық көмекші интерактивті AI-аватардың таныстырылымы өтеді.
Еліміздің 10 аймағында (Астана және Алматы қалалары, Абай, Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары) телекөпір форматындағы «Tomorrow School» бағдарламасын іске қосу жоспарлануда.
Аталған бағдарлама цифрлық білім беру бастамаларының ауқымдылығын айқындап, бүкіл ел бойынша цифрлық күн тәртібінің бірлігін көрсетеді және жастардың тұрғылықты өңіріне қарамастан, қазіргі заманғы жасанды интеллект құзыреттеріне тең қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік органдар арасында ЖИ жобалар бойынша «AI Governance Cup» ұлттық байқауының жеңімпаздары мен «AI Governance 500» жобасы аясында үздіктер марапатталады.
Сонымен қатар, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және мүмкіндігінше басқа да өңірлерде қызмет көрсету саласында, оның ішінде дәстүрлі тағам дайындау мен қонақтарға қызмет көрсету бойынша роботталған шешімдерді көрсету ұсынылады.
Концерттік бағдарламалар барысында әртістермен бірлесе өнер көрсете алатын, музыкалық композицияларды орындай алатын және бірегей сахналық визуалды әсер қалыптастыра алатын жасанды интеллектуалды бейне-аватарларды пайдаланған жөн.
Сонымен қатар, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында (қалған өңірлерде тиісті шешімдердің қол жетімділігіне қарай) жасанды интеллект контентін, мәдени бейнематериалдарды және интерактивті цифрлық инсталляцияларды трансляциялау үшін «Цифрлық киіз үй» құру ұсынылады.
22 наурыз (жексенбі) – Жыл басы
Өңірлерде өтетін мерекелік іс-шаралардың сахналық безендірілуі цифрлық шешімдермен үйлесіп, көпшілік шоғырланатын жерлерде «Digital Nauryz» платформасына сілтеме болатын QR-кодтар ілінуі тиіс.
Астана, Алматы және Шымкент қалаларында (қалған өңірлерде тиісті шешімдердің қол жетімділігіне қарай) арнайы логотипімен және басқа да күрделі графикалық және жарық композицияларымен кең ауқымды дрон-жарық шоуын өткізу ұсынылады.
Бұған қоса, цифрлық дамудың озық үлгісі ретінде Алматы қаласында ұлттық тағамды немесе кәдесыйды қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, пилотсыз ұшатын аппарат арқылы жеткізу технологияларын пайдаланған жөн. Ал, Астанада Smart City инфрақұрылымының негізінде өздігінен жүретін автокөліктің жолға шығуын көрсету ұсынылады.
Сондай-ақ, республикалық және өңірлік телеарналарда бұрын таспаға жазылып алынған айтыстарды цифрлы технологияларды пайдалана отырып жастарға арналған форматта өндеп, көрсету қажет.
23 наурыз (дүйсенбі) – Тазару күні
Наурызнаманың қорытынды күні «Таза Қазақстан» жобасы аясында барлық өңірлерде «Тазалық эстафетасы», «ТазаLIKE» экофестивалі өткізіледі. Қоршаған орта мен ар-ұждан тазалығына негізделген қоғамдық мәдениет жайлы интерактивті медиаөнім таратылуы қажет. Осы күні елдің оңтүстік аймақтарында көктемгі ағаш егу науқаны басталуы шарт.
Бұған қоса, онкүндік аясында БАҚ-тарда жалпыұлттық телемарафон, құттықтаулар, шығармашылық ұжымдардың мерекелік концерттері, ғылыми-шығармашылық тұлғалармен сұхбаттар және т.б. жарық көріп, әлеуметтік желілерде #Nauryznama2026 және #ҰлыДалаНаурызы хэштегтерімен онлайн-конкурстар, флешмобтар мен челлендждер өткізілуі тиіс.
Жалпы, цифрлық даму тетіктері Наурызнаманы Қазақстанның шетелдік туристерге ұсынатын басты мерекелік оқиғасына айналдыруға ықпал етуі тиіс.
Іс-шараларды ұйымдастыру кезінде заманауи форматтарға баса назар аударып, архаикалық тәсілдерді (үй жануарларын қолданумен шеру өткізу, қой көтеру және т.б.) пайдаланбау өте маңызды.
Мерекелік іс-шараларды дайындауға және өткізуге үкіметтік емес ұйымдарды, этномәдени, ардагерлер және жастар бірлестіктерін, мәдениет қайраткерлерін, еңбек ұжымдарын, бизнес-қауымдастықты кеңінен тарту керек.