2025 жылдың басынан бері Шығыс Қазақстан облысында 12 мың тоннаға жуық нан өндірілді. Бүгінде аймақ бойынша 95-ке жуық наубайхана тұрақты жұмыс істеп, тұрғындарды сапалы нан өнімдерімен қамтамасыз етіп келеді.
Нан өндірісінің негізгі бөлігі облыс орталығы – Өскемен қаласында шоғырланған. Мұнда әлеуметтік маңызы бар нан дүкен сөрелерінде 95-100 теңге бағасымен сатылуда.
Кәсіби мереке – Нан күніне орай, өңірдің бірқатар наубайханалары арнайы іс-шаралар ұйымдастырды. Өскемендегі ірі наубайханалардың бірі – «Хлебозавод Каравай» ЖШС тұтынушыларға арналған арнайы науқан өткізіп, өнімдерін тегін дәм татуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар кәсіпорын әлеуметтік осал топтарға тұрақты түрде әлеуметтік нан жеткізуді дәстүрге айналдырған.
Ал ашытқысыз нан өнімдерін өндіретін «Береке нан» наубайханасы Өскемен қаласындағы балалар үйіне тәтті нан өнімдерін тарту етіп, балаларға қуаныш сыйлады.
Алтай өңірінде де «Нан күніне» орай қайырымдылық шарасы өтті. Алтай қаласындағы екі мектеп-интернатта ерекше балаларға арналған іс-шара ұйымдастырылып, «ЖК Смирнов» пен «ЖК Чилимова» наубайханаларының жұмысы таныстырылды. Бұл акция Алтай ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің қолдауымен жүзеге асты.