Ветеринариялық бақылау саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Ветеринариялық бақылау саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының (ДЖДҰ) және Италияның ғылыми-зерттеу институттарының өкілдерімен кездесу өткізді.

Делегация құрамында Орталық Азиядағы ДЖДҰ өкілдігінің басшысы Мереке Тайтұбаев, ДЖДҰ Бас директорының кеңесшісі Марабелли Романо, Умбрия және Марке аймақтарының зоопрофилактика жөніндегі тәжірибелік институтының бас директоры Винченцо Капуто, сондай-ақ Қазақстандағы Италия Елшілігінің Мәдени бөлімінің директоры Сара Джиневра Менегетти Хискенс болды.

Келіссөздер барысында ынтымақтастықтың негізгі мәселелері қаралды, атап айтқанда, Қазақстанның өтінімдерін Еуропалық комиссияға қолдау көрсету, соның ішінде аквакультура мен жылқы етіндегі қалдық заттарды бақылау жөніндегі ұлттық жоспарлар шеңберінде, ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру жүйесін жаңғырту және халықаралық қадағалау стандарттарын енгізу, сондай-ақ академиялық, ғылыми және техникалық алмасуды кеңейту мәселелері қозғалды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ветеринариялық бақылау, ғылыми зерттеулер жүргізу және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету салаларында ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға өзара мүдделілік бар екенін растады.