Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер комитеті ветеринариялық қауіпсіздік мәселелері бойынша кеңес ұйымдастырды. Іс-шараға Сенат депутаттары, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, ветеринариялық қызмет мамандары мен сарапшылар қатысты.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету, инфрақұрылымды жаңғырту және бақылау процестерін цифрландыру бойынша іске асырылып жатқан шаралар туралы хабарлады.
Соңғы үш жылда эпизоотиялық ошақтар саны 49,1%-ға қысқарды. 2025 жылдың басынан бері аурулар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 31%-ға азайды.
Цифрлық шешімдер енгізілуде. Наурыз айының соңынан бастап «Етке ветеринариялық-санитариялық сараптама» модулі іске қосылып, сойылған мал өнімдеріне сараптама актілерін автоматты түрде беру қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, «Vetlab», «РПО» және «Карантиндеу-Экспорт» модульдері енгізіліп, бақылаудың барлық кезеңдерінде ашықтық қамтамасыз етілуде.
Маңызды бағыттардың бірі – зертханалық базаны күшейту. 2024 жылы 3,8 млрд теңгеге 9 жоғары тиімді хроматограф сатып алынып, бақыланатын заттар саны 337 көрсеткішке дейін кеңейтілді. Зертханаларды заманауи жабдықтармен жабдықтау жалғасуда, оның ішінде Қытай Халық Республикасымен ынтымақтастық аясында жүзеге асырылуда.
2024 жылы 223 ветеринариялық нысан салынды, оның ішінде 113 ветеринариялық пункт пен 82 скотомогильник бар. 2025 жылы тағы 758 нысанның құрылысы жоспарлануда. Бұл ретте Жетісу және Жамбыл облыстарының табысты тәжірибесі атап өтілді.
Реформаларды заңнамалық қамтамасыз етуге ерекше назар аударылуда. Цифрландыруды, шекарада және сауда орындарында бақылауды күшейтуді, мемлекеттік бақылаудың жаңа нысандарын енгізуді көздейтін заңнамаға түзетулер қабылданды. Ақпараттық жүйелерді Мемлекеттік кірістер комитеті және өзге де ведомстволармен интеграциялау жоспарланып отыр.
Сонымен қатар экспорттық әлеуетті кеңейту жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылы Иранға ет пен тері, Грузияға тірі ірі қара мал экспорттау жолға қойылды. Ресей мен Қытай тарапынан бірқатар аурулар бойынша шектеулер алынды. Түркиямен, Пәкістанмен және Ауғанстанмен келісу жұмыстары жалғасуда.
Жүйелі және мақсатты ветеринариялық қызметтің арқасында Қазақстан эпизоотиялық тұрақтылығын нығайтып, жануарлардан алынатын өнімдердің қауіпсіздігіне мемлекеттік бақылауды жетілдіріп, экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуде.