Қазақстан мен Франция ветеринария және аграрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты нығайтады

Қазақстан мен Франция ветеринария және аграрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты нығайтады

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Франция делегациясымен кездесу өткізді.

Келіссөздер барысында жануарлар ауруларын диагностикалау, Қазақстан мен Францияның ветеринариялық зертханалары арасындағы тәжірибе алмасу, сондай-ақ Еуропалық Одақ талаптарына сәйкес инфекцияларды анықтау мен антиденелерді айқындаудың заманауи әдістерін меңгеру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Тараптар сондай-ақ Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымының Францияны жоғары патогенді құс тұмауынан азат ел ретінде мойындауына байланысты, Франциядан Қазақстанға құс өнімдерін әкелуге қойылған шектеулерді алып тастау мүмкіндігін талқылады. Сонымен қатар, Франциядан Қазақстанға ұсақ күйіс қайыратын жануарларды импорттау үшін ветеринариялық денсаулық сертификатын келісу мәселелері қаралды.

Қазақстан тарапы SYNETICS атты француз генетикалық компаниясымен селекция және асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты тереңдету бастамасын көтерді.

Құтыру вирусына қарсы антиденелер титрін анықтау әдістері бойынша зертханаларды аккредитациялауға дайындық аясында Қазақстанның Ветеринария бойынша Ұлттық референттік зертханасы мен Францияның референттік зертханасы арасында өзара іс-қимыл туралы Меморандумға қол қою жөнінде келісімге қол жеткізілді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ветеринариялық бақылау, санитария және ғылыми зерттеулер салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге өзара мүдделілік бар екенін растап, бұл екі ел арасындағы екіжақты қатынастарды одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.