Ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне келтірілген залалды өтеу және ҚР АШМ-нің «сенім телефоны» туралы

Ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне келтірілген залалды өтеу және ҚР АШМ-нің «сенім телефоны» туралы

Қабылданып жатқан шаралар нәтижесінде су басу аймақтарынан қауіпсіз учаскелерге 112,5 мың бас ауыл шаруашылығы жануарлары эвакуацияланды.

Халықтан түскен өтініштерді есепке ала отырып, өлген мал туралы мәліметтер үнемі жаңартылып отырады, бүгінгі таңда 7035 бас расталды, оның басым бөлігі – ұсақ мал.

Республикалық эпизоотияға қарсы отряд облыс әкімдіктерімен бірлесіп, өлген жануарларды жинау және жою жұмыстарын жалғастыруда. Еске салайық, топырақта сібір жарасы спорасының болуына жүргізілген талдау теріс нәтиже көрсетті. Бүгінгі күні су басқан аймақтардағы эпизоотиялық жағдай тұрақты және Ауыл шаруашылығы министрлігінің бақылауында.

Су тасқынына қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық штабтың хаттамасымен өлген ауыл шаруашылығы жануарларының құнын өтеу алгоритмі бекітілді. Аталған алгоритмге сәйкес су тасқыны салдарынан өлген ауыл шаруашылығы жануарларының барлық иелері өтемақы алуға құқылы.

Меншік иесін анықтау:

- жануардың бірдейлендіру номерін (бирка, таңба және т.б.) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорымен салыстыру жолымен;

- тіркелмеген жағдайда куәгерлерді тарта отырып, залалды өтеу жөніндегі комиссияның актісімен.

Ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне өтемақы төлеу бюджет қаражатынан да, бюджеттен тыс көздерден де жүргізілетін болады.

Иелерi жергiлiктi жерлердегi залалды өтеу жөнiндегi комиссияға өтiнiш жасауы тиiс. Комиссия мүшелеріне өтемақы төлеу үшін қажетті құжаттар туралы нұсқау берілді.

Барлық өтінімдерді жергілікті әкімдіктер құрған ресми Комиссияларға ғана беру қажеттігіне назар аударамыз. Тек бұл жағдайда ғана өтемақы төленеді.

Деректер жинаумен айналысатын әртүрлі штабтарға ұсынылған ақпарат төлемдер үшін негіз болып табылмайды.

Су тасқыны кезінде ауыл шаруашылығы саласы бойынша қосымша сұрақтар туындаған жағдайда, 17 сәуірден бастап 9.00-ден 18.30-ға дейін ҚР АШМ жанындағы «жедел желі» (7172)573358, 87470943381 нөмірлері бойынша жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар, телеграмм-бот pavodki_kz_bot (тәулік бойы жұмыс істейді) іске қосылады.

Су тасқыны бойынша жағдай тұрақталған өңірлерде өлген ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне келтірілген залалды өтеу басталды. Атап айтқанда, Қарағанды облысында ауыл шаруашылығы жануарлары бойынша залал толығымен өтелді. Қостанай облысында бұл жұмыс басталып, бүгінгі таңда 268 мал басы бойынша төлем жүргізілді, басқа өтінімдер бойынша жұмыс жалғасуда.

Өсімдік шаруашылығы бойынша: тұқымдық материалдар сақталған астық қоймаларын су басып жатқаны туралы хабарламалар бар. Осыған байланысты біз бірінші кезекте шаруаларға үндеу айтамыз: су басу қаупі төнген жағдайда өз мүлкіңізді дер кезінде қауіп-қатерден қорғау өте маңызды. Әңгіме тек тұқым туралы ғана емес, сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникалары, жануарлар және қауіпсіз қашықтыққа тасымалдануы тиіс өзге де мүліктер туралы болып отыр.

Екіншіден, «Азық-түлік корпорациясы» ұлттық компаниясында, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы тәжірибе станцияларында алдағы егіс науқанына қажетті астық қоры жеткілікті. Азық-түлік корпорациясы зардап шеккен шаруаларға бөліп төлеу шартымен тұқым беруге дайын. Тұқымға қажеттілік туындаған жағдайда шаруалар ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің сенім телефондарына хабарласуы қажет.