А.Сапаров БҚО-да мал өлекселерін жою жұмыстары мен эпизоотиялық жағдайды тексерді

А.Сапаров БҚО-да мал өлекселерін жою жұмыстары мен эпизоотиялық жағдайды тексерді

10 сәуірде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов бастаған Республикалық штабтың аясында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды.

Сапар барысында министр су тасқынынан зардап шеккен елді мекендердің тұрғындарымен, сондай-ақ осы аудандарда егін шаруашылығымен айналысатын шаруалармен кездесті. А.Сапаров тұрғындар мен кәсіпкерлердің мәселелерін тыңдап, су тасқыны салдарынан өлген ауыл шаруашылығы малдарының иелеріне келтірілген шығынды өтеу бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.

Мал иелері жергілікті жердегі шығынды өтеу комиссияларына жүгініп, малдың жоғалу фактісін құжаттандыруы керек, сол арқылы өтемақы алуға болады, - деді А.Сапаров.

Министр мал өлекселерін жою жұмыстарының барысын тексеріп, жергілікті жерлерде жұмыс жүргізіп жатқан Республикалық эпизоотиялық жасақ филиалында қажетті құралдың бар-жоғына көз жеткізді. Эпизоотиялық жағдайдың нашарлауына жол бермеу мақсатында жұмысты жандандыруды тапсырды. 

Сондай-ақ, Айдарбек Сапаров Республикалық ветеринариялық зертхананың Орал қаласындағы облыстық филиалында болды. Онда бұған дейін сібір жарасы көмілген жерлерден су басқан топырақ сынамалары жеткізілген.

Естеріңізге сала кетейік, Батыс Қазақстанда су тасқыны салдарынан сібір жарасының 3 көмілген орны су астында қалды. Ветеринария және медицина мамандарынан құралған арнайы жұмыс топтары осы учаскелерден топырақ үлгілерін алды. Олар Республикалық ветеринариялық зертхананың аймақтық филиалдары мен Ұлттық ветеринариялық референттік орталыққа жеткізілді. Барлық сынақтар теріс нәтиже көрсетті, яғни топырақ үлгілерінде сібір жарасының споралары анықталған жоқ.