Диагностика мен вакцинация тұрақты бақылауда

Диагностика мен вакцинация тұрақты бақылауда

Ветеринария мәселелері мен перспективалары ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен Үкіметте өткен кеңесте талқыланды.

Бүгінгі таңда ветеринария саласы материалдық-техникалық жағы жетілмеген және жалақысы аз мамандықтардың қатарында. Салдарынан мал шаруашылығын дамыту жолында кедергілер кездесуде. Қазақстанда ет өндіру көлемін ескеріп, халықтың қажеттілігін іс жүзінде толық өтеу, қазақстандықтардың тұтыну себетіндегі ең қымбат өнім – сиыр етін өндіруді арзандату, (тұтыну шығыстарының жалпы санының 17%) жыл сайын артқан тұтыну көлемін қамтамасыз етуге экспорттық нарықтарды ашу ғана мүмкіндік береді. Кеңесте саланың жай-күйі туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин хабарлады.

Қазақстанда жануарлардың аса қауіпті ауруларының тізбесіне аурулардың 68 түрі енгізілді, олардың 45-і қолайлы мәртебе, 23-і бойынша арнайы ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде.

«Елдің эпизоотиялық жағдайына әсер ететін факторлардың бірі - малдың толық және сенімді есебі. Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендірудің қолданыстағы ақпараттық жүйесі (ӨИС) бұрын бірде-бір сынға төтеп бере алмады. Бүгінгі таңда жүйелік қателерді жою, процестерді басқа ақпараттық жүйелермен интеграциялау бойынша үлкен жұмыс жүргізілді. Атап айтқанда, АТО анықтамалығында 1 200-ден астам аумақтық бірлік өзектендірілді, жануарды карантинге қою функционалы пысықталды, 28 585 жануар бойынша ӨИС деректер базасы жаңғыртылды. Ветеринария жүйесін реформалау шеңберінде ИӨС, ЕАСУ, VETMOBILE, TortTulik және т.б. жаңа цифрлық өнімдер әзірленді және қолданысқа енгізілді. Бұл бастапқы және сенімді деректерді автоматты режимде тікелей ақпараттық жүйелерге жіберуге мүмкіндік береді», деді Аманғали Бердалин.

Уақтылы диагноз қою жануарлар мен адамдарға қауіпті аурулардың алдын алудың негізі болып табылады. 2023 жылға арналған ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар жоспары шеңберінде құстарды қоса алғанда, жануарлардың 23 ауруына қарсы вакцинация жүргізуге 175,7 млн теңге қарастырылған. Ағымдағы жылдың 10 айында 133,9 млн. теңге игеріліп, жылдық жоспардың 76%-ы орындалды. Ауру жануарларды анықтау мақсатында жануарлардың 28 аса қауіпті ауруларына қарсы диагностикалық іс-шаралар жүргізіледі. 2023 жылғы диагностикалық зерттеулер жоспарланған 72,7 млн теңгенің 10 айда 56,5 млн теңгесі жұмсалды. Бұл жылдық жоспардың 78%-ын. құрайды.

2023 жылдың 10 айында қабылданған шаралардың арқасында соңғы 3 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ауру ошақтарының 44,7%-ға төмендеуі байқалады (2021 жылы – 331, 2022 жылы - 299, 2023 жылы-205).

Өңірлерде іс-шаралар кешенін жеткілікті қаржыландыру және дұрыс ұйымдастыру ел бойынша ветеринарияны тұрақты қауіпсіз деңгейге шығаруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта Парламентте орталық пен өңірлер арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажыратуды, процестерді цифрландыруды, деректерді жинау мен беруді автоматтандыруды, кадрлар даярлау жүйесін жетілдіруді және ветеринария саласындағы мамандардың жалақысын арттыруды, оларға әлеуметтік қолдау шараларын көрсетуді көздейтін ветеринария мәселелері жөніндегі заң жобасы қаралуда.

Сонымен қатар, заң жобасы өзін-өзі реттейтін кәсіби ұйым ретінде ветеринария саласында жарғылық орган құруды ұсынады. Осы органның негізгі функциялары осы саладағы кадрларды есепке алу және мониторингілеу, мамандардың біліктілігін арттыру, ветеринариялық инциденттерді қарау.

«Ветеринарияның негізгі міндеті - адамдардың денсаулығын ауыл шаруашылығы жануарларының ауруларынан қорғау, мал шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігі, - деп қорытындылады кеңесті Серік Жұманғарин. - Өңірлердегі жағдайды тұрақтандыру оңай емес, бірақ орындалатын міндет аумақтардағы іс-шаралар кешенін жүргізу, жеткілікті қаржыландыру және тұрақты бақылау арқылы шешіледі. Мал шаруашылығы саласын одан әрі дамыту тек ет экспортын ашқан кезде ғана мүмкін болады және біз бұдан былай жекелеген өңірлерде мал ауруларының өршуіне тәуелді болмауымыз керек. Өйткені соның салдарынан бүкіл ел үшін нарықтар жабылады. Сондықтан облыстардың барлық әкімдіктері профилактикалық іс-шараларды жүргізуді жеке бақылауға алуды, ветеринариялық қызметтерді материалдық-техникалық жарақтандыруды жақсартуы және ветеринариялық қызметкерлер үшін жағдай жасауы қажет. Барлық жұмысты Ауыл шаруашылығы министрлігі қадағалайды», деді Серік Жұманғарин.