Еуропалық Одақ балық өнімдері экспортын арттыруда Қазақстанға қолдау көрсетеді

Еуропалық Одақ балық өнімдері экспортын арттыруда Қазақстанға қолдау көрсетеді

НҰР-СҰЛТАН – 2022 жылғы 21-25 ақпанда Қазақстандағы Еуропалық Одақ Өкілдігі Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің өкілдері үшін сарапшылар семинарын ұйымдастырады.

Семинардың мақсаты – Қазақстанға Еуропалық Одаққа экспорттауға арналған балық өнімдерін өндіруді реттейтін тиісті бақылау жүйелерін қамтамасыз етуге көмектесу. Атап айтқанда, бұл семинар Қазақстанның ветеринарлық инспекторлары мен балық кәсіпорындары өкілдеріне келесі мәселелер бойынша ЕО стандарттарын ұстануда қолбағыс етеді: зертханалық және инспекциялық бақылау, өндірістік үймерет пен кемелерді тіркеу және бақылау, бақылау жүйесі мен сертификаттар, сондай-ақ ветеринарлар мен өндірушілерді оқыту. Семинар барысында ЕО және Қазақстанның ветеринарлық қызметінің сарапшылары Еуропалық Одақ Комиссиясы аудит тобының 2018 жылдың басында Қазақстанда жүргізілген аудиттің қорытынды есебі бойынша берген ескертулерін талқылайды. Тараптар ЕО-қа балық және балық өнімдерінің экспортын ілгерілету жөніндегі саяси шаралар мен бағдарламаларды тиімді іске асыруға қажетті алдағы іс-әрекеттерді анықтайды. Семинар сонымен қатар ұлттық ветеринарлық қызмет, халықаралық сарапшылар, сондай-ақ балық өндірісімен және балық өнімдерін Еуропалық Одаққа экспорттаумен айналысатын жеке сектор арасында үздік тәжірибемен алмасуға мүмкіндік береді.

Аталған семинарды Еуропалық Одақ Техникалық көмек және ақпарат алмасу құралы (TAIEX) арқылы қаржыландырады. TAIEX мемлекеттік мекемелерге келесі мәселелер бойынша көмек көрсетуге бағытталған: ЕО заңнамасымен сәйкестендіру, оны қолдану және орындау, сондай-ақ ЕО озық тәжірибелерімен бөлісу үдерісін жеңілдету. Бұл құрал қажеттіліктерге негізделіп, мәселелерді мүмкіндігінше қысқа мерзімде шешу үшін тиісті мамандандырылған арнайы біліммен бөлісуді ұсынады.