
25 қарашада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) Қазақстандағы Елдік офисі «Ауыл» партиясының Республикалық қоғамдық бірлестігінің қолдауымен ұйымдастырған Дөңгелек үстел өтті. Іс-шараның негізгі тақырыбы – азық-түлік қауіпсіздігі, зооноздық инфекциялардың алдын алу және ауыл шаруашылығы мен қоғамдық денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды құралы ретінде «Бір денсаулық» тұжырымдамасын енгізу мәселелері болды.
Дөңгелек үстел жұмысына мемлекеттік органдардың, сарапшылар қауымдастығының, халықаралық ұйымдардың және фермерлік бірлестіктердің өкілдері қатысты. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті іс-шарада жануарлардан алынатын өнімдердің қауіпсіздігі мен зооноздардың алдын алу бағыттарына жауапты салалық мамандарымен ұсынылды.
Сонымен қатар, талқылауға азық-түлік қауіпсіздігі, антимикробтық төзімділік, биологиялық қауіпсіздік, мал шаруашылығы және егіншілік салалары бойынша мамандар, «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығы үшін Бір денсаулық» ведомствааралық техникалық жұмыс тобының мүшелері және С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің профессоры қатысты.
Іс-шара барысында қатысушылар зооноздық инфекциялармен байланысты тәуекелдерді басқарудың бірыңғай жүйесін қалыптастыру тәсілдерін қарастырып, саларалық өзара іс-қимылды нығайту міндеттерін талқылады және «Бір денсаулық» қағидаттарын практикаға енгізу бойынша ұсыныстар әзірледі.
Дөңгелек үстел әртүрлі құрылымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен аурулардың алдын алуға кешенді көзқарасты қалыптастыруға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды.