Бүгін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінде мемлекеттік қызметшілердің өз міндеттерін адал орындауы мен Этикалық кодексті сақтауға арналған кеңес өтті. Кеңесте деструктивті діни ағымдарға тартылуға жол бермеу, сыбайлас жемқорлық пен құмар ойындарға қарсы іс-қимыл, сондай-ақ қызметтік этика мәдениетін дамыту сияқты өзекті бағыттар қаралды.
Кеңес жұмысына қоғамдық ұйымдардың өкілдері, тәжірибелі психолог, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен оның комитеттерінің әдеп жөніндегі уәкілдері қатысты. Онлайн форматта талқылауға Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті мен АӨК мемлекеттік инспекциясы комитетінің аумақтық инспекцияларының қызметкерлері қосылды.
Кеңес барысында лудоманияның алдын алуға арналған ақпараттық-ағартушылық материал презентация түрінде ұсынылды. Презентацияда ойынға тәуелділіктің негізгі белгілері, себептері мен салдары, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің психологиялық тұрақтылығын қорғау және қолдау бойынша практикалық ұсыныстар қамтылды. Арнайы мамандарға уақтылы жүгінудің және ұжым ішіндегі корпоративтік қолдауды нығайтудың маңызына ерекше назар аударылды.
Кеңес мемлекеттік органдардың жұмыс тиімділігіне ықпал етуі мүмкін жағымсыз құбылыстардың алдын алу және этикалық мәдениетті нығайту бойынша тәжірибе алмасу мен бірыңғай тәсілдерді қалыптастыру алаңына айналды.