Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен өткен алқа отырысында Ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Жиынға облыс әкімдерінің орынбасарлары, өңірлердің, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларының ветеринария басқармаларының басшылары, аумақтық инспекциялар мен ведомствоға қарасты ұйымдардың, барлығы – 200-ден астам өкіл қатысты.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің атап өткеніндей, биылғы жылы аса қауіпті ауру ошақтарының саны 48,8%-ға азайып, солтүстік-батыс облыстарда аусыл бойынша әл-ауқат мәртебесін қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Халықаралық серіктестермен бірлесіп, бруцеллез және ұсақ мал обасына қарсы күрес стратегиялары жаңартылуда.
Зертханалық инфрақұрылымды жаңғырту үшін өткен жылы 3,8 млрд теңгеге 9 жоғары тиімділікке ие сұйықтық хроматографы сатып алынды. Сондай-ақ Республикалық ветеринариялық зертхана мен Ұлттық референттік орталықты жабдықтауға 5,5 млрд теңге қаржы бөлу мәселесі қарастырылуда.
Шығыс Қазақстан облысында азық-түлік қауіпсіздігі зертханасы іске қосылатын болады.
Биылғы жылы 23 атаулы ветеринариялық препарат сатып алынды, оның 74,5%-ы – отандық өндіріс. Сонымен бірге 14 түрлі тест-жүйе алынды, олардың 88%-ы Қазақстанда жасалған.
Министр бұған дейін Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне ауыл шаруашылығы жануарларын дер кезінде сәйкестендіру жұмыстарын күшейтуді тапсырған болатын.
Нәтижесінде 8 айдың ішінде иелеріне және лауазымды тұлғаларға қатысты 12,4 млн теңге сомасына 687 әкімшілік іс қозғалды.
Жануарларды сату мен тасымалдау кезінде ветеринариялық талаптарды бұзғаны үшін 323 шаруашылық субъектісіне 14,4 млн теңгеге айыппұл салынды.
Жыл басынан бері шекарада 49 мыңнан астам көлік құралы тексеріліп, 785 партия өнім анықталып, кері қайтарылды.
Ағымдағы жылы 23 ел бойынша уақытша шектеулер енгізілгені белгілі. Экспортты арттыру бағытындағы белсенді жұмыстардың нәтижесінде 9 айда 7 елмен 16 ветеринариялық сертификат бойынша келісімге қол жеткізілді.
Экспорттаушылар тізіліміне барлығы 279 кәсіпорын енгізілді, оның ішінде 195-і – ЕАЭО елдеріне, ал 84-і – үшінші елдерге өнім жеткізуге рұқсат алған. Қытай Халық Республикасымен құс етін, ірі қара етін және терісін экспорттау жөнінде хаттамаларға қол қойылды.
Талқыланған тақырыптың қорытындысы барысында министр ветеринариялық инфрақұрылымды нығайтуға қажетті шараларды дер кезінде қолға алмаған өңірлердің жұмысын қатаң сынға алды.
«Ветеринариялық қауіпсіздік – тек жануарларға қатысты мәселе емес, бұл - халқымыздың денсаулығы, азық-түлік жүйесінің тұрақтылығы және қазақстандық өнімнің халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі. Біз бақылауды күшейтіп, жануарларды сәйкестендірудің ашықтығын қамтамасыз етіп, бұзушылықтарды жедел түрде тоқтатуымыз қажет. Сонда ғана елдің эпизоотиялық қолайлылығына кепілдік беріп, халықаралық серіктестердің сенімін нығайта аламыз», — деді министр.
Одан әрі әкімдіктер мен ведомствоға қарасты ұйымдарға нақты тапсырмалар берілді.