Қазақстан мен БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы бірлесіп, жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы күрес шараларын талқылады

Қазақстан мен  БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы бірлесіп, жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы күрес шараларын талқылады

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) өкілдерімен кездесті.

Кездесуге жануарлар денсаулығы мәселелері жөніндегі аға офицер, доктор Эран Райзман бастаған ФАО сарапшылары және Комитет қызметкерлері қатысты.

Тараптар Қазақстанның ветеринариялық қауіпсіздік саласындағы әлеуетін күшейту, жануарлардың аса қауіпті ауруларының, соның ішінде ұсақ күйіс қайыратын жануарлар обасының алдын алу және диагностикасы жөніндегі мәселелерді ортаға салды.

Осы орайда, әсіресе, еліміздің эпизоотикалық қолайлы халықаралық мәртебесін алу жолындағы қадамдарына ерекше назар аударылды.

Вице-министр ФАО өкілдеріне жан-жақты қолдауы және халықаралық сарапшылардың отандық ветеринариялық жүйені дамытуға қосқан үлесі үшін ризашылығын білдірді.

Министр орынбасарының айтуынша, ФАО-мен бірлескен жобалар Қазақстанның эпизоотикалық қауіпсіздігін нығайтуға және халықаралық деңгейде мойындалуына берік негіз қалыптастырады.  Министрлік пен аталған ұйымның бірлескен бастамаларына ұлттық серологиялық зерттеулер жүргізу, ауруларды бақылау жөніндегі ұлттық жоспар әзірлеу, эпидемиологиялық қадағалау жүйесін күшейту, сондай-ақ Жануарлар денсаулығы жөніндегі дүниежүзілік ұйымның референттік орталықтарымен бірлескен зертханалық сынақтар кіреді.

Бұған қоса, мамандардың біліктілігін арттыруға және фермерлер арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінуде.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екендерін білдіріп, алдағы міндеттерді табысты жүзеге асыру үшін көршілес мемлекеттермен іс-қимылды үйлестіру қадамдарын келісті.