Еңбек адамы. 50 жылдық тәжірибесі бар ветеринар Руфия Хабибрахманова

Еңбек адамы. 50 жылдық тәжірибесі бар ветеринар Руфия Хабибрахманова

Ветеринария саласының ардагері Руфия Хабибрахманова бүкіл өмірін жануарларға қамқор болуға арнаған жан. Қазір жасы 73-те болса да, ол жарты ғасырдан бері сүйікті мамандығына адал болып келеді.

Целиноград ауыл шаруашылығы институтын бітіргеннен кейін ол ветеринарлық зертханада еңбек жолын бастап, кейін ет бақылау станциясына шақырылып, зейнетке шыққанға дейін сонда жұмыс істеді. Сол маңда сенбі-жексенбі күндері жұмыс істемейтін ветеринарлық кабинет болған. Сол кезде тұрғындар жануарларын тікелей Руфия апайға әкелетін болған – маманның жеке тәжірибесі осылай басталған.

Содан бері талай жыл өтсе де, Руфия апай зейнетке шыққан соң да сүйікті кәсібін тастаған емес. Соңғы 15 жылдан бері ол жеке кәсіпкер ретінде үйінде жануарларды қабылдап, ем-дом көрсетіп келеді. Оның клиенттері – қала тұрғындары мен ауылдағы ағайын.

«Ит, мысық, тасбақа секілді жануарларды әкеледі. Кейбірі биіктен құлап, аяғын немесе қабырғасын сындырып жатады – гипс саламын, ауруларын емдеймін, стерилизация жасаймын. Көше мысықтарына ота жасаймын. Ауыл тұрғындары төрт түлік малын көрсетуге шақырады. Төлдегеннен кейін де көмек сұрайды. Қазір жасым 73-те, бірақ демалуға уақыт жоқ – сұраныс жоғары. Өз жұмысымды жақсы көремін. 50 жылдан бері тынымсыз еңбек етіп келемін. Жануардың жазылып кеткенін көрген кезде шын қуанышқа бөленемін – бұл сезімнің орны бөлек. Қазір қызымды осы кәсіпке баулып жүрмін, ісімді жалғастырса екен деймін», – дейді Руфия Хабибрахманова.

Руфия апайдың өмір жолы – адал еңбек пен мамандыққа деген шынайы сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі. Ол өз ісіне жан-тәнімен берілген нағыз еңбек адамы ретінде құрметке әбден лайық.