2025 жылғы 24 маусымда Астана қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде «Ветеринариялық денсаулық сақтау жүйелерінің тұрақтылығы: Орталық Азиядағы өңірлік сын-қатерлер, халықаралық тәжірибе және стратегиялық үйлестіру» тақырыбында екі күндік аймақтық семинар-форум өз жұмысын бастады.
Форум Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің қатысуымен, Ислам ынтымақтастығы ұйымының Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ұйымы (IOFS) мен Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының (WOAH) қолдауымен өткізілуде.
Форум жұмысына Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркия және Италия елдерінің ветеринария және мал шаруашылығы саласындағы жетекші ұйымдары мен ғылыми мекемелерінің өкілдері қатысуда. Олардың қатарында:
Өзбекстан Республикасының Ветеринария және мал шаруашылығын дамыту комитеті;
Тәжікстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі;
А.Дүйшөев атындағы Қырғыз ветеринариялық ғылыми-зерттеу институты;
Түркияның Ауыл және орман шаруашылығы министрлігі жанындағы жануарлар денсаулығы және карантин департаменті;
Италияның Того Розати атындағы Умбрия және Марке аймақтарының Зоологиялық профилактика институты бар.
Семинардың ашылуында Сейфуллин университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Қанат Тіреуов қатысушыларды құттықтап, форумның маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда климаттың өзгеруі мен жаһандық нарықтардың ықпалы жағдайында ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жануарлар денсаулығын сақтау және агроөнеркәсіптік кешенді тиімді дамыту – өзекті мәселелердің бірі.
Университет ректоры ғылыми және білім беру саласындағы халықаралық серіктестіктің маңыздылығын ерекше атап өтіп, ИЫҰ Азық-түлік қауіпсіздігі ұйымымен және аймақтық серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан жобалар ветеринария, микробиология, биотехнология және өсімдіктерді қорғау бағыттарының дамуына серпін беріп отырғанын айтты.
Форум аясында қатысушылар:
Орталық Азия елдеріндегі ветеринариялық денсаулық сақтау жүйелеріндегі өзекті мәселелерді;
салалық қызметтерді жетілдіру жолдарын;
ветеринариялық білім беру мен кадр даярлау жүйесін жаңғырту;
халықаралық тәжірибе мен озық практикалар алмасу мәселелерін талқылауда.
Сонымен қатар, тараптар:
бірлескен зертханалар құру;
қос дипломды бағдарламалар мен магистратура, PhD бағдарламаларын іске қосу;
жазғы мектептер мен біліктілікті арттыру тренингтерін ұйымдастыру;
жануарлар денсаулығын сақтау мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған халықаралық гранттар мен жобаларға қатысу бойынша жоспарларымен бөлісті.
Форумға Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы мен ИЫҰ Азық-түлік қауіпсіздігі ұйымының қатысуы Сейфуллин университетінің халықаралық ғылыми серіктестік пен салалық диалог алаңы ретіндегі беделін тағы бір мәрте растайды.