2025 жылғы 23 маусымнан бастап Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің өкілдері Германия Федеративтік Республикасында өткен оқу-ақпараттық турға қатысты. Іс-шара Герман-қазақстандық аграрлық-саяси диалог аясында ұйымдастырылды.
Оқу турының басты тақырыбы – жануарлар денсаулығын қамтамасыз ету және ветеринариялық қадағалау жүйесін дамыту мәселелері болды.
Бағдарлама Бонн қаласында басталып, Германияның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдерімен кездесу өткізілді. Делегацияны елдің бас ветеринариялық дәрігері – доктор Катарина Клуге қабылдады.
Кездесу барысында қазақстандық тарап Германиядағы ветеринариялық бақылау жүйесінің ұйымдастырылу ерекшеліктерімен, соның ішінде федералдық және жергілікті ветеринариялық органдар арасындағы өкілеттіктердің нақты бөліну моделімен танысты.
Сондай-ақ, аса қауіпті аурулар мен эпизоотиялардың алдын алу мәселелеріне, ауру ошақтары пайда болған жағдайда міндетті екпе жүргізу сияқты мемлекеттік функцияларды орындауға жеке ветеринариялық дәрігерлерді тарту тәжірибесіне ерекше назар аударылды. Халықаралық деңгейдегі жануарлар мен жануар тектес өнімдердің саудасын реттеу мәселелері де талқыланды.
Аталған іс-шараға қатысу Қазақстанның ветеринариялық жүйесін халықаралық стандарттар мен тәжірибелерді ескере отырып дамытуға, кәсіби құзыреттерді арттыруға және озық тәжірибемен танысуға мүмкіндік берді.