2025 жылғы 11–13 маусым аралығында Жетісу облысы Панфилов ауданы Үшарал ауылдық округінде ірі қара малдың аусылына қарсы симуляциялық жаттығу өткізілді.
Аталған іс-шара Қазақстан Республикасы мен Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымы (WOAH) арасында жасалған келісімді іске асыру аясында және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы бекіткен 2025 жылға арналған ветеринариялық қызметтер арасындағы симуляциялық жаттығулар жоспарына сәйкес ұйымдастырылды.
Жаттығуға Жамбыл, Қарағанды және Жетісу облыстары бойынша Комитеттің аумақтық инспекцияларының өкілдері, Жетісу облыстық ветеринария басқармасы, мемлекеттік ветеринариялық ұйымдардың мамандары, ветеринариялық зертхана, Алматы және Жетісу облыстарындағы Республикалық эпизоотияға қарсы жасақ филиалдары, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың, төтенше жағдайлар мен ішкі істер бөлімдерінің, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және денсаулық сақтау мекемелерінің өкілдері қатысты. Барлығы 82 ветеринариялық қызмет маманы жұмылдырылып, 15-тен астам арнайы техника бірлігі (жылжымалы инсинератор, дизель-генератор, трактор, «Нива», Mitsubishi автокөлігі, жүк көлігі және т.б.) тартылды.
Симуляциялық жаттығудың негізгі мақсаты – Жетісу облысы аумағында аусыл ошақтары тіркелген жағдайда оларды жоюға ветеринариялық қызметтердің дайын екенін көрсету, ветеринариялық бақылау шараларын тиімді іске асыру және халықаралық стандарттарға сәйкес шұғыл әрекет ету жүйесін пысықтау.
Жаттығу барысында ветеринариялық мамандар арнайы қорғаныш киімдерімен, материалдық-техникалық құралдармен толық қамтамасыз етіліп, төтенше жағдайларда әрекет ету, эпизоотиялық жағдайды бағалау, диагностикалық іс-шараларды ұйымдастыру, ауру ошағын оқшаулау дағдыларын жетілдірді. Сонымен қатар, биологиялық қауіпсіздік ережелерін сақтау, дезинфекция жүргізу, жануарларды оқшаулау және инфекцияны жою бойынша теориялық білімдерін бекітті.
Практикалық тапсырмалар аясында қатысушылар ветеринариялық бақылау бекеттерінің жұмысын ұйымдастыру, ауыл шаруашылығы жануарларын есепке алу және қадағалау, сондай-ақ тұрғындармен өзара іс-қимыл жасау мәселелерін де пысықтады.
Жалпы, симуляциялық жаттығу жоғары деңгейде ұйымдастырылып, ветеринариялық қызметтердің төтенше жағдайлар кезінде әрекет етуге дайындығын көрсетті және ұлттық эпизоотиялық қауіпсіздік жүйесін нығайтуда маңызды қадам болды.