Қазақстан Республикасының ветеринария саласында «Заң және Тәртіп» идеологиясын ілгерілету жұмыстары жалғасуда

Қазақстан Республикасының ветеринария саласында «Заң және Тәртіп» идеологиясын ілгерілету жұмыстары жалғасуда

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінде құрылымдық бөлімшелердің, ведомстволық бағынысты ұйымдардың және аумақтық инспекциялардың басшыларының қатысуымен кеңес өтті. Кеңесте 2025–2030 жылдарға арналған қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі Тұжырымдаманы іске асыру мәселелері талқыланды.

«Заң және Тәртіп» идеологиясы құқықтық сананы қалыптастыруға, тәртіптілікті, жауапкершілікті және мемлекеттік органдар мен ветеринариялық жүйенің барлық қатысушыларының қызметіндегі ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған.

Бүгінгі күні биологиялық қауіпсіздік ұлттық қауіпсіздіктің, азық-түлік тұрақтылығының және халық денсаулығын қорғаудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.

Тұжырымдаманың негізгі бағыттары:

  1. Заң үстемдігі.

Барлық ветеринариялық іс-шаралар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына қатаң сәйкестікте жүзеге асырылуға тиіс. Сыбайлас жемқорлық көріністеріне, көлеңкелі тетіктер мен бейресми тәжірибелерге жол берілмейді.

  1. Құқықбұзушылықтардың алдын алу.

Ветеринариялық талаптардың бұзылуын ерте анықтау және оның алдын алу бойынша тиімді механизмдер енгізіледі. Жүйелі алдын алу жұмыстары аясында профилактикалық бақылау, санитариялық-ветеринариялық нормаларды бұзушыларға «нөлдік төзімділік» қағидаты енгізіледі.

Айта кету қажет, ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілерін кеңейту бөлігінде заң жобасының нормаларына өзгерістер енгізіліп, «сауда базарлары» ұғымы «сауда объектілері» ретінде нақтыланды. Бұл өзгерістер Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауында, реттеушілік әсерді талдау (АРВ) қорытындысы алынған.

  1. Жауапкершілік пен есептілік.

Әрбір ветеринариялық маман өз қызметі үшін жеке жауапкершілікті сезінуге міндетті. Ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында есептіліктің заманауи цифрлық құралдары енгізілуде. Оның ішінде esep.govtec.kz пилоттық платформасы іске қосылды.

  1. Ашықтық пен цифрландыру.

Цифрландыру дәуірінде цифрлық технологиялар ветеринария саласын ашық әрі тиімді басқарудың басты құралына айналды. Электрондық деректер базаларын құру, барлық ветеринариялық іс-шараларды ақпараттық жүйелер арқылы автоматтандырылған есепке алу, азаматтар мен фермерлерге вакцинация, аурулар және алдын алу шаралары туралы ашық ақпаратқа қолжетімділік қамтамасыз етіледі.

  1. Құқықтық сауаттылықты арттыру.

Ветеринариялық мамандар мен мал иелерінің құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында тұрақты түрде семинарлар, біліктілікті арттыру курстары, ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары ұйымдастырылады.

  1. Ведомствоаралық өзара іс-қимыл.

Сапалы ветеринариялық қызмет өзге мемлекеттік органдармен тиімді үйлестіруді талап етеді. Бұл ретте, Ішкі істер министрлігімен, санитариялық-эпидемиологиялық қызметтермен, жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыс орнатылған.

Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің бірлескен бұйрығы аясында Комитеттің аумақтық бөлімшелері мен ішкі істер органдары ауыл шаруашылығы жануарлары мен жануар тектес өнімдер мен шикізаттарды ұрлауға қарсы бірлескен іс-шараларды жүзеге асыруда.

Бұдан бөлек, Мемлекеттік шекара арқылы ауыл шаруашылығы жануарларын заңсыз өткізуге жол бермеу мақсатында мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылының бірыңғай алгоритмі әзірленген. Алгоритм Комитет, ҚР ҰҚК Шекара қызметі, ішкі істер органдары, жергілікті атқарушы органдар және басқа да уәкілетті органдардың үйлесімді жұмысын реттейді. Ақпарат алмасу, мобильдік топтардың жұмысы, жануарларды уақытша ұстау мен сәйкестендіру, құқықбұзушылықтарды тергеу кезіндегі іс-шараларды үйлестіру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінген.

  1. Қоғамдық бақылау.

Қоғамдық бақылау тетіктерін дамыту жалғасуда. Бұл ретте ветеринария саласындағы заңбұзушылықтар туралы жедел хабарламаларға уақтылы ден қою үшін жедел желілердің рөлін күшейту жоспарлануда.

Тұжырымдаманы іске асыру нәтижесінде мынадай нәтижелерге қол жеткізіледі:

Заң нормаларын құрметтеу мәдениеті қалыптасады;

Мемлекеттік органдарға азаматтардың сенімі артады;

Азаматтық белсенділік күшейеді;

Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік нығаяды;

Құқық қорғау органдарына сенім күшейеді;

Қазақстанның халықаралық беделі жоғарылайды.

Сонымен қатар, Комитет пен оның аумақтық бөлімшелері ай сайынғы негізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараларды тұрақты түрде өткізуді жалғастыруда. Қазіргі уақытта 2025 жылға арналған ішкі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау (ІСҚТ) жүргізілуде.

Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті алдағы уақытта да «Заң және Тәртіп» идеологиясын ілгерілету бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастырып, заң талаптарына сай, ашық әрі кәсіби қызметі арқылы жануарлар денсаулығының, халықтың әл-ауқатының және азық-түлік қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуіне өз үлесін қоса береді.