Білім беру жүйесі жаңа оқу жылына дайындалуда: 2026–2027 оқу жылындағы негізгі өзгерістер

Білім беру жүйесі жаңа оқу жылына дайындалуда: 2026–2027 оқу жылындағы негізгі өзгерістер

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі, бастауыш және орта білім беру сапасын арттыруға бағытталған өзгерістерді кезең-кезеңімен енгізуде. 2026–2027 жаңа оқу жылында еліміздің білім беру ұйымдарында оқыту, тәрбиелеу және білім беру үдерісін цифрлық трансформациялау бойынша жаңартылған тәсілдер іске асырыла бастайды.

Мектепке дейінгі білім беру саласында 2026–2028 жылдарға арналған Мектепке дейінгі және бастауыш білім беруді дамытудың кешенді жоспарын іске асыру жалғасады. Негізгі назар мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың сапасын арттыруға, білім беру бағдарламаларының мазмұнын жетілдіруге, балалар үшін қолайлы дамытушы орта қалыптастыруға және сапалы мектепке дейінгі білімнің қолжетімділігін кеңейтуге аударылады.

Сонымен қатар мемлекеттік білім беру тапсырығын іске асыру тетіктері жетілдіріліп, мектепке дейінгі білім беру қызметтерінің сапасын бағалаудың заманауи тәсілдері енгізіледі.

Бастауыш білім берудегі маңызды өзгерістердің бірі – оқу мазмұнын жаңарту. Оқу бағдарламаларында оқу жүктемесі оңтайландырылып, математика пәні бойынша оқу мақсаттары қайта қаралды, оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес келмейтін тақырыптар алынып тасталды.

Бірінші сынып оқушылары үшін бейімделу кезеңі қарастырылған. Сонымен қатар «Әліппе» және «Ана тілі» пәндеріне бөлінетін сағат саны ұлғайтылып, оқу және жазу дағдыларын қалыптастыруға көбірек уақыт бөлінеді.

Жаңа оқу жылынан бастап функционалдық сауаттылықты, құндылыққа бағдарланған оқытуды, инклюзивті білім беруді және білім алушылардың заманауи құзыреттерін дамытуға бағытталған жаңартылған Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты кезең-кезеңімен енгізіле бастайды.

Барлық орта білім беру ұйымдарында жалпыұлттық құндылықтарға, азаматтық жауапкершілікке, патриотизмге және заңға құрмет қағидаттарына негізделген «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасын іске асыру жалғасады.

Жаңа оқу жылынан бастап мектептерде келесі міндетті оқу курстары енгізіледі:

  • 5–7 сыныптарда – «Конституция негіздері»;
  • 8–11 сыныптарда – «Заң және тәртіп»;
  • 5–11 сыныптарда – «Жеке қауіпсіздік».

Сонымен қатар «Құқық негіздері» пәнінің мазмұны Қазақстан Республикасы Конституциясының талаптарына сәйкес жаңартылатын болады.

Білім беру жүйесін цифрлық трансформациялауға ерекше көңіл бөлінеді. Жаңа оқу жылынан бастап барлық сынып оқушылары жас ерекшеліктерін ескере отырып, жасанды интеллект негіздерімен танысады.

Сондай-ақ орта білім беру жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізу жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру басталады. Еліміздің пилоттық мектептерінде оқытуды дараландыруға, оқу нәтижелерін автоматтандырылған талдауға және білім алушыларға дербес қолдау көрсетуге бағытталған заманауи AI-шешімдер сынақтан өткізіледі.

Қазақстан Республикасының пилоттық білім беру ұйымдарының қатарына Успен ауданының Таволжан жалпы орта білім беретін мектебі енді.

Жоба аясында бастауыш сыныптарда педагог пен интеллектуалды AI-көмекшінің бірлескен жұмысын көздейтін инновациялық «екі мұғалім» моделі сынақтан өткізіледі. Жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайды, керісінше әрбір оқушыға жеке қолдау көрсететін тиімді көмекші қызметін атқарады.

Жоба білім беру сапасын арттыруға, бастауыш сынып оқушыларының оқу қиындықтарын азайтуға, цифрлық құзыреттерді дамытуға және жасанды интеллект мұғалімнің орнын алмастырмай, оның тиімді көмекшісіне айналатын заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған.

Таволжан жалпы орта білім беретін мектебінің пилоттық жобаға қатысуы заманауи білім беру технологияларын енгізуге және оқу үдерісінде жасанды интеллектіні қолданудың практикалық тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта бұл тәжірибе басқа білім беру ұйымдарына да таратылатын болады.

2026–2027 оқу жылына дайындық аясында педагогтер республикалық әдістемелік сессияларға, семинарларға және біліктілікті арттыру курстарына қатысуда. Онда жаңартылған оқу бағдарламаларын іске асыру, бағалаудың жаңа тәсілдері, тәрбие жұмысы және заманауи цифрлық технологияларды қолдану мәселелері қарастырылуда.

Жүзеге асырылып жатқан өзгерістер кешені әрбір баланың жан-жақты дамуын қамтамасыз ететін, қауіпсіз, заманауи әрі сапалы білім беру ортасын қалыптастыруға және білім сапасын арттыруға бағытталған.