
Астанада Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы ұйымдастырған «Негізгі және жалпы орта білім: сапалы өзгерістер және кәсіби даму» тақырыбындағы республикалық жазғы сессия өз жұмысын бастады.
Іс-шараға еліміздің барлық 20 өңірінен 300-ге жуық білім беру саласының өкілдері қатысуда. Олардың қатарында білім басқармаларының мамандары, әдістемелік орталықтардың қызметкерлері, мектеп директорларының оқу ісі жөніндегі орынбасарлары және 5–11 сыныптардың пән мұғалімдері бар.
Жазғы сессияның негізгі мақсаты – жаңа оқу жылы қарсаңында негізгі және жалпы орта білім беру жүйесіне енгізілетін маңызды өзгерістерді талқылау, оларды іске асырудың бірыңғай тәсілдерін қалыптастыру және педагогтерге әдістемелік қолдау көрсету.
Пленарлық отырыстар мен тақырыптық воркшоптар барысында «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасын, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын, «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру, жаңартылған үлгілік оқу бағдарламаларын енгізу, білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың жаңа тәсілдері және білім беру үдерісінде жасанды интеллект құралдарын пайдалану мәселелері қарастырылуда.
Алдағы оқу жылындағы жаңашылдықтарға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, 5–7 сыныптарда «Конституция негіздері», 8–11 сыныптарда «Заң және тәртіп», ал 5–11 сыныптарда «Жеке қауіпсіздік» міндетті курстарын енгізу жоспарлануда. Сонымен қатар «Құқық негіздері» пәнінің мазмұны Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясының талаптарына сәйкес жаңартылатын болады.
Жазғы сессия педагогтердің кәсіби тәжірибе алмасуына және білім беру сапасын арттыруға бағытталған бастамаларды тиімді іске асыру тетіктерін талқылауға арналған маңызды алаңға айналады.