
Ауданның 19 мектебінде мерекелік іс-шаралар салтанатты түрде аталып өтті.
Ауданымыздағы іргелі білім ордаларының бірі — Қозыкеткен жалпы орта білім беру мектебінде де «Сыңғырла, соңғы қоңырау!» атты мерекелік шара ұйымдастырылды.
Аталған шараға білім бөлімінің басшысы Е. Инербаев арнайы қатысып, үздік оқушылар мен мектеп бітіруші түлектерді атаулы күнмен құттықтады. Өз сөзінде жас түлектерге сәттілік тілеп, ел болашағы білімді жастардың қолында екенін ерекше атап өтті.
Салтанатты шара барысында мектеп бітіруші түлектер дәстүр бойынша мектептің келесі буыны — 10-сынып оқушыларына аманат табыстады. Мерекенің әсерлі сәттерінің бірі — түлектердің соңғы вальсі болды.
Айта кетейік, биыл Успен ауданында 9 және 11-сыныпты 267 оқушы тәмамдады. Оқу жылының қорытындысы бойынша 9-сынып бітірушілері арасында 13 оқушы үздік аттестатқа үміткер. Ал 11-сынып түлектері арасында 9 оқушы үздік аттестатқа, оның ішінде 1 оқушы «Алтын белгіге» үміткер атанып отыр.
Барша түлектерге алдағы ҰБТ-да жоғары нәтиже, үлкен өмір жолында сәттілік пен жарқын болашақ тілейміз!