Наурызнама аясындағы Тазару күніне орай және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы шеңберінде Оралда ауқымды тазалық іс-шарасы өтті.

Оған 5 мыңнан астам қала тұрғыны, еңбек ұжымдары, қоғамдық ұйымдар, бизнес өкілдері, жастар, еріктілер және белсенділер қатысты.
Шараға қатысушылардың әрқайсысы шаһарда тазалықты қамтамасыз етуге өз үлесін қосты. Олар қала аумағын қыстан кейінгі жаппай тазалау үшін шықты. Тұрғындар өз аулаларында сенбіліктер өткізді.
Коммуналдық қызмет және мердігер мекемелер шағын сәулет нысандарын, ескерткіштер мен мүсіндік құрылыстарды жуу және қалпына келтіру жұмысын жүргізді. Қаланы жалпы жинау кезінде әр ауданда аялдама аумақтарын, тротуарларды, қоршауларды, жарықтандыру тіректерін жуу және тазалау жұмысы жүргізілді. Аулалар мен көшелер, сондай-ақ арықтар қоқыстан тазартылды.
Бүгін тазалық іс-шарасы барысында қаладан жалпы 300 тонна қоқыс шығарылды. Іс-шараға 200 арнайы техника жұмылдырылды.
Айта кетейік, өткен жылдан бастап Қазақстанда Наурыз мейрамы 10 күн бойы аталып өтуде. 23 наурыз Наурызнаманың онкүндігінде Тазару күні деп аталды.